"Алаяқтықтың жаңа түрі": Қазақстандық блогер таныс емес адамнан гүл алмауға шақырды
Әлеуметтік желіде блогер Тимур Асылханов елордалық әйелге алаяқтар туған күніне букет гүл жіберіп, одан 4 санды хабарлауды сұраған. Ертесі әйелдің атына несие рәсімделіп кеткен. Тағы бір келіншекке айлакерлер “Қазпоштадан” тапсырыс келгенін айтып, 1414-тен келген кодты дауыстап айтуды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
“Егер сізге керемет гүлдер букеті келсе, бірақ жіберуші белгісіз болса, қуануға асықпаңыз. Сіздің атыңызға несие рәсімделуі мүмкін. Соңғы жағдайды айтайын: медициналық ғылымдар кандидаты, акушер-гинеколог әйел туған күнін атап өтті. Оған керемет букет келді. Бірақ мекенжайы мен ашықхат болмады. Жіберуші кім екенін білмей, ол “Мүмкін, бұл әріптестерім немесе пациенттерімнің құттықтауы шығар” деп ойлады. Кешке гүлдер дүкенінен немесе агенттігінен телефон соқты, қалай аталатынын білмеймін. “Сізге гүлдер жіберген курьеріміз кеше сізге гүлдер жібергенін растай аласыз ба? Біз сізге код жібереміз, тек 4 санды хабарлауыңыз керек” деген хабарлама келді. Әйел 4 санды айтты. Содан кейін 2 сағаттан кейін оның атына “Жусан банкте” кредит рәсімделген”, – деді блогер.
Оның айтуынша, банк қызметкерлері әйелге бұл жағдайдың бірінші рет болмайтынын, гүлдер арқылы адамдардың атына кредит рәсімдеу фактілері жиі кездесетінін айтты.
“Меніңше, бұл алаяқтық әдісі көбіне әйелдерге бағытталған. Қыздар, әйелдер, егер кенеттен белгісіз бір ғашық сізге керемет гүлдер жіберсе, оларды қабылдауға болады, бірақ растау жасаудан аулақ болыңыз”, – деп ескертті Асылханов.
@timurasylhanov Новый вид мошеnnичества. Людям отправляют цветы и просят сообщить полученный по телефону смс код. Как только сообщаете код, на вас тут же оформляют кредит. #тимурасылханов #астана #казахстан ♬ оригинальный звук - Тимур Асылханов
Бұдан бөлек халық арасында әйелдің “Казпошта” қызметкерлері болып танысқан алаяқтардың құрбаны болғаны туралы аудиохабарлама таралып жатыр.
“Жаңа маған бір телефоннан хабарласып, “Қазпоштадан” тапсырыс келіп тұр деді. Өздері мекенжайымды Молдағұлова 11 Б, 56 пәтер деп айтып тұр. “1 сағаттан кейін сізге зат барады, бәрі төленген, ешнәрсе төлемейсіз” деп айтты. Сол кезде мен мүлдем тапсырыс берген жоқпын дегенде, мүмкін туысқандарыңыз берген шығар деп бой бермеді. Содан кейін 1,5 жарым сағатта ғана бара аламын дедім. Сосын олар сізге 1414-тен 6 цифрлы код келеді деді. “Жақсы” деп телефонды қойып тастадым. Себебі 1414-тен келетін хабарламаларды шынайы қабылдаймыз”, – деді әйел.
Әйелдің айтуынша, алаяқтар іле-шала оған хабарласып, кодты дауыстып айтуды сұрады.
“Ешнәрсеге тапсырыс берген жоқпын, айтпаймын деп айтпай қойдым. Олар “ендеше тапсырыңыз кері жібереміз” деді. Онда қай Қазпошта айтыңыздар, барып өзім алып кетемін деген кезде “сіз ол жерден барып алып кете алмайсыз” деді. Ерінбей жақын маңдағы “Космостағы” Қазпошта орталығына бардым. Қызметкерге көрсетіп сұрағанда, “Кодты айтып қоймадыңыз ба? Олар алаяқтар” деді. Айтқан жоқпын дегенде “Мына кодты айтқанда қандай шот бар соның бәрінен ақшаңызды суырып алар еді” деді. Қызметкерлер біз біреуге хабарласып, код сұрамаймыз деп айтты. Кодты айта жаздадым. Іштей біртүрлі болып келе жатырмын”, – делінген әйелдің дауыстық хабарламасында.
Цифрлық даму министрлігі редакция сауалына жауап беріп, интернетте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қарапайым міндеттерді қадағалау керек екенін айтты.
- Әр түрлі аккаунттар үшін күрделі және бірегей парольдер пайдалану.
- Құрылғылардағы бағдарламалық қамтамасыз етуді тұрақты түрде жаңартып отыру.
- Күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ашпау.
- Антивирустық бағдарламаларды пайдалану.
- Жеке ақпаратты бейтаныс сайттар мен қосымшаларға сеніп тапсырмау.
- Аккаунттар үшін екі факторлы аутентификацияны қолдану.
- Әлеуметтік желілердегі конфиденциалдық параметрлерін тексеру.
- 1414 нөмірінен келген кодтары бар хабарламаларды үшінші тұлғаларға бермеу.
- Банктік реквизиттер туралы мәліметтерді үшінші тұлғаларға айтпау.
Сонымен қатар “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ орталығы түсініктеме берді.
“Алаяқтар eGov порталының, 1414 нөмірінің дерек қорына қол жеткізе алмайды. Бұл психологиялық тұрғыдан адамды сендіруге бағытталған айла-шарғы”, – деп жауап берді “Ұлттық ақпараттық технологиялар” орталығы.