Қазақстандықтар жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 12 медаль жеңіп алды
Фото: instagram.com/wushu.kazakhstan
23–30 шілде аралығында Қытайдың Цзянъинь қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы ушу спортынан жалпы 12 медальға ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ушу-таолу бағдарламасында Даниил Джеджула алтын медаль жеңіп, ел тарихындағы осы бағыттағы тұңғыш құрлықтық жеңіске қол жеткізді. Сонымен қатар ол қола жүлдеге де ие болды.
Таолу жарыстарында Маңғыстау облысының спортшылары Айару Мұхамбетова күміс, ал Кирилл Малеев қола жүлде иеленді. Аталған спортшылар Алексей Бабенко баптайтын команда құрамында жаттығады. Айта кету керек, ушу-таолу жасөспірімдер Олимпиадасы бағдарламасына енгізілген.
Ушу-саньда санатында өткен жарыстарда Саитов Рахим, Моменбеков Эльдар және Әділов Сухраб күміс жүлде иеленсе, Нариман Қанат, Ералы Тұрсынбай, Виктория Гильденберг және Луиза Абдумежитова қола жүлде жеңіп алды.
Жарыс алдында спортшылар Қытайдың Шаньдун провинциясында орналасқан Heze Caozhou Wushu School базасында оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Енді олар 2026 жылғы Азия ойындарына дайындықты бастайды.