Қазақстандықтар Израильге мұнай сатуға қарсы шығып, петиция жариялады
Қазақстанда Таяу Шығыстағы жағдай тұрақтанғанша Израильге мұнай экспортын тоқтатуды талап ететін петиция пайда болды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі күн ішінде петицияға 10 мыңнан астам адам қол қойып үлгерген. Петиция авторы еліміздің халықаралық аренада әрқашан бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтынын айта келе, стратегиялық ресурстарды қақтығыстар жалғасып жатқан аймақтарға экспорттауды тараптардың бірін қолдау ретінде қабылдауға болатынын айтады.
“Израиль көптеген елдердің бейбіт реттеу туралы үндеулеріне қарамастан Газадағы әскери операцияларын жалғастыруда. Оның үстіне Израиль БҰҰ Бас Ассамблеясының тез арада бітімге келуге шақыратын қарарын қабылдамады, бұл аймақтағы қосымша шиеленіске әкеліп соқты. Біз халықаралық құқық қағидаттарына сенеміз және біздің еліміз Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін дипломатиялық шешімдерді іздеуге белсенді қатысуы керек деп есептейміз. Осы өтінішті қарау объективті түрде және Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде жүзеге асады деп сенеміз”, – дейді автор.
- Қазақстанда Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды
- "Жындардың мейрамы": ҚМДБ хэллоуинге қатысты мәлімдеме жасады
Петицияға қол қоюшылар Таяу Шығыстағы жағдай тұрақтанғанша Израильге мұнай экспортын уақытша тоқтатуды ұсынады.
Еске салайық, 13 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кез келген халықаралық мәселелерді шешуде лаңкестік әдістерді қолдануға қарсы екенін мәлімдеген еді.
“Ондаған жылдар бойы шешілмеген міндеттерге қол жеткізу үшін бейбіт тұрғындарға шабуыл жасап немесе лаңкестік әрекеттерге баруға болмайды. Мұны ақтаудың реті жоқ”, – деген еді Тоқаев Бішкекте ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде.
Айта кетейік, S&P Global Commodity Insights мәліметтері бойынша, 2023 жылы Израиль мұнайды негізінен Түркия, Ресей және Габоннан алған. Басылымның мәліметінше, бір жыл бұрын мұнайды негізгі жеткізушілер Ирак, Әзірбайжан және Қазақстан, сондай-ақ шағын көлемде Нигерия, Габон және Бразилия болған.