Қазақстандықтар ЕАЭО елдерінен зейнетақы ала алады
2021 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерімен бірлесіп жасаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жұмысшыларын зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім күшіне енді. Бұл туралы БЖЗҚ-да хабарланды.
Қордың мәліметінше, келісімнің негізгі мақсаты - жұмыс істейтін мемлекеттің азаматтарымен бірдей жағдайда жұмысшылардың зейнетақы құқықтарын қалыптастыру, сақтау және жүзеге асыру.
"Келісімге сәйкес ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге де қызметті жүзеге асыру арқылы зейнетақы құқықтары қалыптастырылған не қалыптастырылатын Қазақстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Армения және Беларусь азаматтары жұмысшылар болып табылады", - деді БЖЗҚ-да.
Келісім одақтың бір елінен екінші еліне зейнетақыны экспорттау тәртібі мен тетігін айқындайды, зейнетақы алу құқығын айқындау үшін ЕАЭО мемлекеттеріндегі жұмыс өтілін жинақтауды көздейді.
Сонымен бірге, жұмысшыларды медициналық куәландыру, оның ішінде мүгедектігі бойынша зейнетақы тағайындау кезінде сырттай медициналық куәландыру мәселесі реттелді, сондай-ақ келісім күшіне енгенге дейін және одан кейінгі жұмыс кезеңдері үшін зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібін айқындайтын өтпелі ережелер бекітілді.
"ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет еңбек етушіге зейнетақының жұмыс кезеңіне және жұмысқа орналасқан елдегі зейнетақы жарналарының аударымдарына барабар бөлігін төлейтінін ескере отырып, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысшылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми ресімдеуі, яғни міндетті түрде еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарды уақтылы жасасуы қажет, - деп түсіндірді БЖЗҚ-да.
Келісімге сәйкес, жинақтаушы зейнетақыны, сондай-ақ мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша еңбек (сақтандыру) зейнетақыларын қоспағанда, зейнетақы алу құқығы мүше мемлекеттің аумағында алынған (келісім күшіне енгеннен кейін) кемінде 12 ай жұмыс өтілі болған кезде туындайды, оған сәйкес жұмысшы зейнетақы тағайындауға үмікер болады.
Қазақстанда келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган - БЖЗҚ, онда жұмысшылар қажетті кеңестер алудан бастап, жұмыс істеген кезеңдері үшін зейнетақы алуға құқығы бар мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына құжаттарды жіберу қызметімен жүгіне алады.
Қазақстанда келісім жұмысшылардың БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі құқықтық қатынастарға қолданылады және тиісінше, ЕАЭО елдерінің жұмысшылары БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарын қалыптастырған жағдайда, оларды алу құқығы Қазақстан заңнамасына сәйкес туындайды:
- зейнеткерлік жасқа жеткен кезде;
- 1 және 2 - топтардағы мүгедектік белгіленген кезде, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, ал БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар ЕАЭО елінің азаматы, яғни жұмысшы қайтыс болған жағдайда, Қазақстанның заңнамасында айқындалған құқық белгілейтін құжаттар БЖЗҚ-ға ұсынылған кезде оларды біржолғы алу құқығы оның мұрагерлеріне ауысады.
Айта кетейік, ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы цифрлық өзара іс-қимылға көшкенге дейін тараптар қағаз құжат айналымын пайдаланады.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
