Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандықтар 120 мың теңгенің орнына 4 миллион теңге төлеп жүр": Қоғам белсенділері утильдік алымды алып тастауды талап етті

Қазақстанда утиль алымы мен бастапқы тіркеуді төлемеу туралы петиция 50 мыңнан астам қол жинады. Петиция өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-5-бабына сәйкес келіп түскен өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралады. Бұл мәселеге қатысты 28 мамырда Алматыда #НетУтильсбору қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен утиль алымдарды алып тастау туралы баспасөз отырысы өтті. Stan.kz тілшісі саясаткер Санжар Боқаевтан және қоғам белсендісі Еркебулан Кулбасовтан пікір алып, бірқатар сұраққа жауап алды.

Фото Stan.kz коллажы

Жиында саясаттанушы Санжар Боқаев, "EcoWasteAqtau" ЖШС директоры Салтанат Бралина, қоғам белсендісі Еркебулан Кулбасов, қаржыгер Берік Заиров сөз алды.

Іс-шара кезінде Санжар Боқаев утиль алымды төлеу бойынша нақты сандарды атап көрсетті. Оның айтуынша, қазақстандықтар утиль алымға 120 мың теңге төлеудің орнына, 3,5 миллион мен 4 миллион теңге аралығында салық төлеп келген. 

"Біз министрлікке бұл сандардың дұрыс емес екенін айттық. Оларға неліктен есепті экономиканың нақты секторында анық жүргізбейтіндерін сұрадық. Бізге "Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері" республикалық одағы ұсыныс тастап, бір жеңіл көлікті 74 000 теңгеге кәдеге жаратуға дайынбыз деп келісті. Ал басқа қауымдастықтар 85 000 теңгеге, тағы біреуі 110 000 теңгеге келісімшарт жасасуға әзір болған. Алайда қағаз жүзінде бұл жылдары "Оператор РОП" ЖШС мен Әлия Назарбаеваның Қарағанды зауыты арасындағы келісімшарттар бойынша автокөліктерді кәдеге жарату бір жеңіл автокөлік үшін 120 000 теңгеден жүзеге асырып келген", – деді Санжар Боқаев.

Сонымен қатар саясаткер "Оператор РОП-тың" жылдық есебіне қарасақ, 40 мың автокөлікті кәдеге жарату арқылы олар 6 миллиард теңге табыс көргенін атап өтті. 

"Бұл – орасан зор сома. Соның өзінде де бұл өнеркәсіп экономикалық тұрғыдан тиімді болды. Ендеше, кәдеге жарату жеңіл көлікке 120 000 теңгеден жүргізілсе, онда қазақстандықтар осы жылдар бойы қозғалтқыш көлеміне қарай неліктен 4 миллион теңгеге дейін төледі? Бұл артық шығындалу... Ал қазірдің өзінде кейінгі екі жылдағы мөлшерлеменің 50% төмендегенін ескерсек, жинақталған сома әлі де нақты сомадан асып түседі", – деп бөлісті Санжар Боқаев.

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген

Журналист саясаткер Санжар Боқаевқа министрлік утиль алым бойынша қандай жауап бергенін және оның бағасы төмендегеннің өзінде талабы мен тәртібі өзгере ме деп сұрақ қойды. 

"24 мамырда петиция тіркелген күннен бері өнеркәсіп және құрылыс министрлігі біздің сұранымымызға жауап бермеді және хабарласпады. Тек телефонымызға 1414 Call-орталығынан "петицияларыңыз тіркелді" деген SMS код келді. Алдымыздағы 40 күндік бәсекелестікке, нақты жұмысқа дайынбыз. Басты мақсатымыз – утиль алым мен алғашқы тіркеуді толығымен алып тастау немесе утильдік жүйені шынайы жұмыс істейтіндей етіп қалыптырсақ, бағаны төмендетіп, өзінің бұрынғы қалпына қайтарса, оған да қарсы болмаймыз. Шешім халықтың көңілінен шығуы керек. 2 жыл бұрынғы жағдай тағы қайталанса, одан ары ахуал қиындай түсуі мүмкін. Ал Қанат Шарлапаев заңға қайшы сөйлеп, петицияны министрлік қатыстырмайды деп жауап беруі қисынға келмейді", – деді Санжар Боқаев.

Сауалға ілесе кеткен қоғам белсендісі Еркебұлан Кулбасов халық атынан сөйлеп, утиль алым мен алғашқы тіркеуді толығымен алып тастау керек екенін баса айтты. 

"Біз утиль алым мен алғашқы тіркеуді мүлдем қарастырмаймыз. Халық мүлдем бұған қарсылық білдіреді. Сонымен қатар Қанат Шарлапаевтың бұл мәлімдемесінен бөлек, жұмысына да көңіліміз толмайды. Сөзі мен ісі бөлек адам. Тіпті министрді жұмысында біліксіз деуге тура келіп тұр. Ол өзінің жұмысына нақты жауап бере алатына сенбейміз. Егер жағдай ушықса, шеруге шығуға дайынбыз", – деп Еркебұлан Кулбасов тоқетерін айтты.

Айта  кетейік, 2015 жылы сәуір айында Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау үшін жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы басталды. Шілде айында автодилерлерді міндетті лицензиялау енгізілді. Қараша айында сенат Салық кодексі арқылы автокөлікті бастапқы тіркегені үшін сараланған алымды енгізуді мақұлдады. 
Бұдан әрі 2015 жылы 4 желтоқсанда энергетика министрлігінің өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері үшін өнім тізбесін бекіту туралы №695 бұйрығына қол қойылды және 2015 жылы 25 желтоқсанда кәдеге жарату алымының шамадан тыс және негізсіз мөлшерлемелері белгіленген кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесін бекіту туралы осы министрліктің №762 бұйрығына қол қойылды. 2016 жылдың басынан бастап "Оператор РОП" бұл алымды жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан ала бастады, төлем мөлшері жеңіл автокөлік бірлігі үшін 3,5 миллион теңгеге дейін жетті.

Санжар Боқаев еліміздегі автокөлік иелері келесі төлемдерді төлеуге мәжбүр екенін айтты.

Бұған дейін олар кедендік баждың 15% төлеп келсе, енді қоғамдық қозғалыс мүшелері одан халықты босату керек деп отыр. Саясаттанушы ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы есебін негізге ала отырып, Қазақстан автопаркінің ескіру деңгейін зерттеп шықты.

Фото-графика: “Қазақстан Республикасында көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар” құжаты

  • Жеңілкөлік паркінде он жылға дейінгі көліктердің үлесі небәрі 31%, он жылдан жоғары – 69%-ға тең.
  • Жүк көліктерінде он жылға дейінгі көліктердің үлесі 20%, он жылдан жоғары – 80%.
  • Жолаушылар автокөлігінде он жылға дейінгі үлес 27,2%, он жылдан жоғары – 72,8%.
  • 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 50%-дан мүлдем аспауы керек.

Қоғамдық қозғалыс өкілдері утиль алым бойынша ұсыныс тастады.

Санжар Боқаев кәдеге жарату алымын толығымен алып тастауды немесе мөлшерін 100 мың теңгеге дейін төмендетуді, сонымен қатар заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар бойынша саралауды енгізуді талап етті. 
Бұдан бөлек жеке тұлғалардың алым төлемін заңды тұлғаларға қарағанда 10 есе төмендетуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл автоөнеркәсіптің бәсекеге қабілеттігін сақтайды. Өйткені автосалондар мен дилерлер ақы төлеуді жалғастырады. Ал жеке автокөлік иелері көліктерін жаңартуға мүмкіндік алады.

Сонымен бірге автокөліктің жас диапазондары бойынша кәдеге жарату алымының сараланған мөлшерлемелерін енгізу, жасы 3 жылдан 8 жылга дейінгі диапазон үшін төмендету мөлшерлемелерін қолдануды ұсынып отыр.

Ал бастапқы тіркеу алымын келесідей қарастырып отыр:

  • Бастапқы тіркеуді толығымен жою. Салық кодексінде автокөлікті тіркегені үшін әдеттегі алымды (2,5 АЕК) қалдыру;
  • 3 жылдан асқан  автокөлікті бастапқы тіркегені үшін алымды (500 АЕК) былайша өзгерту: 3 жылдан 7 жылға дейін – 5 АЕК, 7 жылдан 10 жылға дейін – 20 АЕК және 10 жылдан жоғары – 50 АЕК. Бірақ, тек техрегламентке сәйкес болғанда ғана. 

Осылайша, автокөлік иелері негізінен 5-8 жыл аралығындағы Евро-4 стандартының сапалы автомобильдерін әкеле алады (бұл сапа мен бағаның ең жақсы үйлесімі) және автопарктің орташа жасын едәуір жақсартады. Автокөлік жасының диапазондары бойынша сараланған алым мөлшерлемелері автокөлік иелеріне автомобильдердің кейбір ерекше модельдерін, мысалы, 2010 жылғы таза АҚШ моделін салыстырмалы түрде үлкен көлемде әкелуге мүмкіндік беретіндігімен ыңғайлы.

  • Заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар бойынша саралауды енгізу. Жеке тұлғалардың алым төлемін заңды тұлғаларға қарағанда 10 есе төмен ету. Бұл азаматтарға автокөлік әкелуді жеңілдетеді, бірақ автосалондар мен импорттаушы дилерлерге алымдарды төлеу міндетін қалдырады.
Талқылау