Қазақстандық журналист шетелден үй алуға шақырып жүрген әншілерді жауапқа тартуды талап етті
Қазақстандық журналист Мөлдір Жанбаева шетелден үй алғанын жарыса жазып, өзгелерге де кеңес беріп жүрген әншілерді жауапқа тартуды жөн санайды. Бұл Қазақстанның болашағына балта шабумен тең деген пікірде.
Әлеуметтік желі арқылы бизнесін жүргізіп, ақша тауып отырған әнші, блогер, вайнерлер көп. Тіпті қарапайым тұрғындардың өзі оңай ақша олжалауды әдетке айналдырды. Әсіресе, науқан ойнатып, ақша мен сыйлық тігіп ақша жасайтындар - әншілер. Соңғы кезде кейбір қазақ әншілері шетелден үй алғанын жарыса жазып, өзгелерге де кеңесін айтып жүр.
Қазақстандық журналист Мөлдір Жанбаева әншілердің бұл әрекетіне қарсы шықты. Отандастарымызды басқа елге көшуге үгіттеп жүргендер жауапқа тартылсын деп талап қойды.
«Басқа мемлекетке көшіп кете ме, айға ұшып кете ме, бұл – әркімнің өз қалауы. Жағдайы жетіп тұрса, 20 мемлекеттен баспана алып қойсын. Бірақ инстаграмына 3-4 млн оқырманды жинап алып, сол жақтағы баспаналарды қуыс-қуысына дейін мақтауын асырып жарнамалаулары – маған ұнамайды. Бағаларын Қазақстанмен салыстырып, әлдеқайда арзан тұратынын, тамақтың бағасы да қолжетімді екенін, құрылыс жүріп жатқан аумақты, бөлме-бөлме, жиһаздары, бала ойнайтын ауласына дейін насихаттады. «Бүкіл қазақ көшіп келсін демейміз. Бірақ осы жақтан да бір «Қазақ ауылын» жасақтасақ, несі жаман?» деп қойып жібереді дейсің.
"Көрікті жігіт екен": Алтынай Жорабаева көпшіліктен жасырған екінші күйеуін көрсетті
Тіпті «көшу» туралы онлайн сабақтар өте бастады. Сол мемлекетпен сауда үйрену мәселесіне қарсылығым жоқ, тіпті қуанар едім. Бірақ «Қоныс аудару» деген тақырыпшамен сабақ ұйымдастыру қаншалықты дұрыс? Ал ол жазбаның астындағы «Мен көшкім келеді. Бұйыртса аз қалды, мен де кетем. Көшу үшін неден бастасақ болады?» деген пікірлерді оқып, жаным ауырды.
Меніңше, елден кеткен адамның (әсіресе әлеу. желіде оқырманы көп) инстаграмы 2-3 айдан кейін бұғатталуы керек немесе Қазақстан аумағына оқылмайтындай шектеу жасау керек. Әйтпесе әлемнің кез келген елінде жатып алып, инстаграм жарнамаларымен айналысып, ГИВ ұйымдастырып күнкөрістің қиыншылығын бәрібір сезінбейді. Есесіне, қарапайым халықтың санасын бұзуға қарқынды үлес қоса береді», - деді Жанбаева.
Мөлдір Жанбаева шетелге кеткісі келетіндер күн санап көбейе берсе, аз халықтың күні не болмақ деген бұлыңғыр болжам жасады. Бұған дер кезінде шектеу қойып, болашаққа деген көзқарасты өзгерту үшін жұмыс істеу керек дегенді айтты.
Сол жақтағы жайлы өмірді, ыңғайлы тұрмысты айта беріп, онсыз да жүйкесі жұқарған халықтың ойын бұзуға қарсымын! «Мәңгіге кетіп қалуды емес, уақытша тұрып келуді айтып отырмыз» деп ақталғандар да бар. Ал сол уақытша кеткен адам болашақта қайтқысы келмей қалмасына кім кепіл?!
«Бір танымалдау кісіні инстаграмнан бақылайтынмын. Шетелге шыққан сайын, қайтатын кезінде «Қазақстанға қайтқым келмейді» деп мұңайған стористер жиі салатын. Қазақстанды ұнатпасын, бірақ оны әлеуметтік желі арқылы айта беру маған ауыр тиеді, мысалы. Ал оны қаншама жастар көріп отыр.
Сұлулық әлемінде істейтін бір қыз жұмыспен шетелге кетті. Бір күні тікелей эфирде отыр екен, кіре салдым. «Мен де кеткім келеді» деген жазбалар кетіп жатыр. Естіп, жыным келді. Содан карантин басталып кетіп, бірнеше ай жұмыссыз жатты қамалып.
Жаңа туған ұл-қызымызға шетелдіктер айтуға ыңғайлы болатындай есім береміз. Жастайынан «Шетелде оқытып, шетелде тұрасың" деп санасына сіңіреміз. Елдің болашағына күдікпен қараймыз. Бірақ өзімізде өзгеріске деген қадам жоқ!
Онсыз да аз халықпыз. Мынадай жарнамалау жалғаса берсе, елде ешкім қалмайды-ау. Көшкісі келгендер, көше берсін! Бірақ құрылыс нысандарын аралап, жарнамалау артық! Жалпы соңғы кезде қарқынды саяхат жүріп жатыр. Не оған шектеу қойып жатқан ешкім жоқ! Басқа жақтағы жайлы өмірді аңсай бергенше, сол өзгерісті өзімізде жасауға неге талпынбаймыз? Ата-бабамыз кең байтақ жерімізді қиын кезең бола қалса, тастап кетіп қалу үшін қорғамаған шығар?! Саналы болайықшы, барлық жағынан!», - деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қыдырәлі мен Қарақат Түркияның Алания қаласынан үй алғанын айтып сүйінші сұрады. Алтынай Жорабаева мен күйеуі де дәл осы елден жалға пәтер алғанын қуана хабарлады. Түріктің елінен үй алғысы келетіндерге өз кеңесін айтып жатты.