Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық теннисшілер Уимблдон-2025 іріктеуін үш жеңіспен бастады

Фото: instagram.com / skatov_timofey

Уимблдон-2025 турнирінің іріктеу кезеңінде Қазақстан атынан қатысқан төрт теннисшінің үшеуі алғашқы айналымнан сәтті өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Михаил Кукушкин (ATP рейтингінде 190-орын) алғашқы кездесуінде бразилиялық Тиагу Зайбота Вилдамен (120) күш сынасып, алғашқы сетте жеңілгеніне қарамастан, кейінгі екі партияда басымдық танытып, 4:6, 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Тимофей Скатов (212) италиялық Стефано Наполитаноны (684) қарсыласынан айқын басым болып, 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Ал Бейбіт Жукаев (251) украиналық Виталий Сачкомен (213) болған тартысты кездесуде жеңісті жұлып алды — 7:5, 4:6, 7:6.

Өкінішке қарай, Дмитрий Попко (178) іріктеудің алғашқы кезеңінде аргентиналық Роман Андрес Бурручагадан (133) 2:6, 1:6 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.

Айта кетейік, турнирдің негізгі кезеңінде ел намысын Александр Бублик (30) пен Александр Шевченко (97) қорғайтын болады. Бұған дейін, Бубликтің АТР рейтингінде жоғарылағанын хабарлаған едік.

Абылайхан Палмағанбет
Дүйсенбі, 23 Маусым, 2025 22:44
Талқылау