Қазақстандық министр қауіпсіздік сертификатын ұялы телефонына әлі орнатпағанын мойындады
Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ұялы телефонға қауіпсіздік сертификатын орнатпағанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, қауіпсіздік сертификатын орнату – әр адамның өз еркі. Бірақ соның арқасында балалар үшін зиянды контентті шектеуге болады. Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
"Сан алуан шабуылдар бар. Вирустар бар. Ол жағынан сертификат көмектеседі. Адамның жеке мәліметтерін алуға мүмкіндік жоқ. Конституцияда бәрі жазылған. Сосын шұғыл іздестіру шаралары туралы заңнама бар. Бұл заң барлық мәселені реттейді. Адамның жеке мәліметтерін пайдалану заңмен қудаланады", - деді Жұмағалиев журналистерге берген сұхбатында.
Алайда министр қауіпсіздік сертификаты неге жеке тұлғаның атына тіркелгенін түсіндіре алмады.
"Менде мұндай мәлімет жоқ. Сіз осы сайттың иесінен сұрағаныңыз жөн. Менің білуімше, жеке тұлғаның атында емес. Мемлекеттік техникалық қызмет бар емес пе, сұрап көріңіз, жауабын береді", - деді министр.
Журналистер "Неге сол сайтқа кіріп, қауіпсіздік сертификатын орнатып алмайсыз?" деп сұрағанда, министр SMS-ті күтіп отырғанын айтты.
"Маған ондай SMS келмеді. Келсе, орнатып аламын. Қазір хабарлама таратылып жатыр. Келгесін, өзіме жүктеп аламын", - дейді Жұмағалиев.
Ол қауіпсіздік сертификаты қазақстандықтарды алаяқ сайттардан және тыйым салынған контенттерден қорғайтынын айтты.
"Деректерді үшінші тұлғаларға беру туралы Конституция заңында деректер үшінші адамға берілмейтіні айтылған. Екіншіден, осы мәселелерді қарастыратын бүгінгі таңда жедел-іздестіру қызметі туралы заңы бар. Сіздің айтуыңызша, егер үшінші тұлға жеке дерегіңізге қол салса, онда ол қылмыстық іс болып табылады және жазаланады", – дейді Жұмағалиев.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
