Turkish Airlines ұшағында қазақстандық ер адамның төлқұжаты мен ақшасы салынған сөмкесін ұрлап кеткен
Видеодан скрин
Қазақстандық ер адам Turkish Airlines әуе компаниясының ұшағында төлқұжаты мен ақшасы бар сөмкесінен айырылып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан азаматы Барселона – Стамбул бағытындағы Turkish Airlines әуе рейсі кезінде өзінің қымбат Hermes сөмкесінің ұрланғанын мәлімдеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, сөмкені басқа жолаушылар ұрлаған болуы мүмкін. Оқиға Қазақстанға ұшатын келесі рейске ауысуға бір жарым сағат қалғанда болған.
“Біз Барселонадан Стамбулға Turkish Airlines әуе компаниясының рейсімен ұшып бара жатқанбыз. Жолаушылардың бірі ішінде төлқұжаттар, келесі рейске (1,5 сағаттан кейін Қазақстанға) арналған билеттер, құлаққап, ақша және түрлі ұсақ заттар болған қымбат сөмкемді ұрлап кетті”, – деп жазды ер адам Instagram парақшасында.
Қазақстандық сөмкесінің жоғалғанын хабарлап, ұшақ қонғаннан кейін бірден полиция кіріп келген. Құжаттар мен билеттер ұшақтың дәретханасынан табылған, ал сөмке жоғалып кеткен.
Ер адамның айтуынша, тергеуді жалғастыру үшін бүкіл ұшақты полиция бөлімшесіне апару қажет болған. Сол себепті ол арыз жазудан және істі ары қарай қараудан бас тартып, сапарын жалғастыруға мәжбүр болған.
Сондай-ақ ер адам таныс бортсеріктен мұндай жағдайлар жиі болатынын естігенін айтады. Әсіресе, ауысып отыратын рейстерде жиі кездеседі екен, себебі жолаушылар асығып, көбіне арыз жазбайды. Соның салдарынан полиция оқиғаны тергемейді, ал ұрылар өз ісін жалғастыра береді.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
