Қазақстандық банкті тонап, миллиард теңгені ұрлап кеткендер Ресей азаматтары болып шықты
Павлодарда Halyk Bank-ті тонаған күдіктілер ақыры қолға түсті. Қараша айында белгісіз біреулер басқармалардың бірінің қабырғасын бұзып өтіп, ол жерден миллиард теңгені ұрлап кеткен. Арада үш ай өткен соң құқық қорғау органдары күдіктілердің Ресейде ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер банкті 2024 жылдың қараша айында тонаған.
“Өткен жылдың қараша айында Halyk Bank-ті тонаған күдіктілер Ресей аумағында ұсталды. Ресей азаматтарын қамауға алу Қазақстан сотының шешімімен санкцияланды. Халықаралық келісімдер аясында Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ресейлік әріптестерімен бірлесіп жедел-тергеу тобын құрды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – делінген хабарламада.
Halyk Bank бөлімшесі қала орталығындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Бір нұсқа бойынша, қаскүнемдер банк бөлімшесіне түнде жертөле арқылы кірген. Сосын қабырғаны құлатып, ақшаны алып кеткен.
Банк те, полиция да нақты соманы атамады. Олар тонауға қанша адамның қатысқанын әзірге айтқан жоқ. Кейбір ақпарат құралдарының айтуынша, күдікті бес ер адам. Алайда полицейлер Ресей соты олардың барлығын қамауға алғанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық танысына өз үйінде тегін тұруға рұқсат беріп, ол зейнеткерді 7 миллион теңгеге тонап кеткені туралы жазған едік.