Күніне 555 мың теңге: Қазақстандық банктер 2024 жылы топ-менеджерлеріне қанша сыйақы төледі
Кесте: Stan.kz
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы банк секторы 2,56 триллион теңге таза табыс тапқан. Жылдық есепке сенсек, қаржы ұйымдары басшыларына да қомақты сыйақы төлейді. Былтыр 249 жұмыс күні болғанын ескерсек, топ-менеджерлердің күндік сыйыақысы кем дегенде 555 мың теңге болған. 
Скрин Forte Bank есебінен
Forte Bank жариялаған қаржы есебіне сәйкес директор кеңесі мен басшылық құрамға барлығы 4,5 миллиард теңгеден аса сыйақы бөлген. Топ-менеджерлердің саны 16 адам екенін ескерсек, әрқайсысы 281 250 000 теңге немесе күніне 1,1 миллион теңгеден аса сыйақы алған.
Скрин Halyk Bank есебінен
Ал Halyk Bank-тің директорлар кеңесі топ-менеджерлер мен қызметкерлерге сыйақыны компания акциясымен төлеу туралы шешім шығарған. Есепке сәйкес қаржы ұйымы айналымдағы акциялар санының 1% сыйақы ретінде бермек.
Скрин Halyk Bank есебінен
Бүгінде банктің 10,8 миллиард акциясы қор нарығында айналымда екен. Ал әр акцияның құны 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша 281,14 теңге. Демек компания 30,6 миллиард теңгенің акциясын сыйақы ретінде берген.
Скрин Kaspi Bank есебінен
Kaspi Bank-тің 2024 жылдағы қорытынды есебіне сәйкес директорлар кеңесі мен басшылық құрамға сыйақы ретінде 2,2 миллиард теңге төленген. Банкте 9 топ-менеджер бар. Сәйкесінше әр менеджер 250,4 миллион теңге, күніне 1 миллион теңге сыйақы алған.
Скрин Jusan Bank есебінен
Jusan Bank-тің басқарма құрамы 5 адамнан тұрады. Директорлар кеңесінде басқарма төрағасын қоса есептегенде (басқарма төрағасы Гульмира Джумадиллаева директор кеңесінің мүшесі – ред.) тағы 5 адам бар. Есепке сәйкес 2024 жылы банк топ-менеджерлеріне 1,5 миллиард теңге, яғни әр басшыға 166,6 миллион теңге (күніне 669 мың теңге) сыйақы төленген.
Скрин ЦентрКредит Банк есебінен
ЦентрКредит Банкінде 10 топ-менеджер бар. Оның ішінде директорлар кеңесінің 6 мүшесі мен 4 басқарма мүшесі. Жалпы сыйақы мөлшері 1,3 миллиард теңге, демек әр басшы орта есеппен 138,4 миллион теңге (күніне 555 мың теңге) алған.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
