Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуім енемнің күйеуі сияқты, ал мен тоқал сияқтымын”: Қазақстандық әйелдер енелерінің бейәдеп қылықтарын бөлісті

Біреуіне о баста "өлсең, өліп кет, қызымдай болмайсың" десе, енді бірінің құрсағындағы баласы дүниеге келмеуі үшін бәрін жасаған. Тағы біреуі өз немересін "терезеден лақтырып жіберемін" деп қорқытса, кейбірі ересек баласының алдында шешініп, тіпті бірге ұйықтайды. Stan.kz ақпарат агенттігі қазақ қоғамындағы енелердің бейәдеп қылықтарын жазып, мұндай жағдайға не себеп болатынын психолог маманнан сұрады.

Фото: Depositphotos

Желіде блогер, коуч Роза Әшірбаева да енелер туралы аноним сауалнама жасаған еді. Қазақстанда тұратын әйелдер аноним түрде оқиғаларын жазды.

  • “Күйеуім ересек болса да, “мамалап” жүреді, атам бар көзі тірі. Бірақ күйеуім енемнің күйеуі сияқты. Ал мен тоқал сияқтымын”.
  • “Бұрынғы енем күйеуімнің көзінше киініп шешінетін, "теріс қара" деп те айтпайтын. Олай жасамаңыз десем, "Не болыпты? Мен оны емізгем кезінде" деген. Ал баласы 30-дан асқан. Оның үстіне күйеуіме "Балалы болуды жоспарлайық, бұл туралы сен не ойлайсың?" дегенімде "мамадан сұра" деп жауап берді”.
  • “Бөлек шығып бара жатқан кезімізде менің көзімше баласының ернінен сүйді”.
  • “Күйеуім мені ұрған кезде баламды қолдаймын деп оған қосылып енем мені ұрған. Ол ол ма, енем мені қысып ұстап тұрды да, баласына "Ұрып ал" деді. Сосын ажырастық.
  • Бөлмемізде отырсақ, келіп, баласын құшақтап, үстіне мініп, жатып алады. Қол ұстасады”.
  • “Күйеуімнің ақшасын өзі ұстайды. Біз бірге қыдырамыз ба, жоқ па, мамасы шешеді. Тіпті бірге жат десе бірге, бөлек жат десе бөлек жатамыз”.
  • “Менен баласын қызғанып, тапқан табысын қызғанып, аты шулы лудоманға айналды”.
  • “Күйеуіммен қосылып мені сөз етеді. Үйленгенімізден бері бөлек тұрдық. Анасымен 40-50 минуттап сөйлеседі. Мен туралы "Бұл малды апарып тастау керек, салақ" деп айтатын. Өзіме де талай "салақсың, ж*лепсің" деді”.

Блогердің аноним сауалнамасына дәрігерлер де пікір білдірді. Олар "Үлкен, ересек еркектер дәрігерге қаралуға аналарымен бірге келеді. Тіпті аналары ертіп келеді" деп жазды.

Қыз-келіншектер желіде енесінен естіген ең ауыр сөздерді де бөлісті:

  • “Күйеуім екеуміздің арамыздағы ұрысқа басын тықты. Сосын "Жыныма тисең, балаңды 12-қабаттан лақтырып жіберемін" деді. Осы сөзі үшін ажырастық”.
  • “Енемнің кесірінен бір саусағымнан айырылдым, істемей қалды”.
  • “Маған енем "Ішіңдегі бала шіріп түсіп қалсын" деген. Алланың қалауымен сол бала 10 жаста, қазір соған өліп отыр. Мені қарғағаны өз қызына өтіп кетті. Қызы 38-де, үш рет күйеуге тиді, көтермеді”.
  • “Мені алып қашты, Қайтар жол болмады, амалсыз қалдым. Сонда енем "жұрттың келіні пысық, бізге болмай қалғаны бұйырыпты" деген”.
  • "Өлсең өліп кет, қызымдай болмайсың" деді. Бірінші балама аяғым ауыр кезде балам дүниеге келмеуі үшін неше түрлі әдістер жасады. Қазір балам 23-те, аман-есен, шүкір. Бірақ енемнің қылықтары жүректе қара дақ болып қалады екен”.

“Мұндай жағдайға үйдегі әкесінің де әсері бар”

Ал психоанализ бағытында жұмыс істейтін психолог Жанар Оспанованың сөзінше, есейсе де, бала болып жүретін еркектер мен осындай енелердің пайда болуына үйдегі ер адамның да әсері бар.

"Ең әуелі, бала туған кезде осы ер азаматтың әкесі әйелі мен баланың арасына шекара қоюы керек еді. Себебі ана мен бала арасында симбиоз болады. Осы симбиозды ажырататын адам – баланың әкесі. Әйел адам ұл туған кезде оны мақтан тұтып, меншіктейді. Бейсаналы түрде "ұлымның мүшесі болса, менде де болғаны" деп өзін ер адам сезінеді. Осы тұста күйеуі өз ұлын бейсаналы қарсылас көреді", – дейді психолог.

Маман ересек баласын әлі кішкентай көретін енелер мен анасынан ажырамаған балалардың әрекетін адамның психожыныстық даму кезеңімен түсіндірді.

"Отбасында бәрінің орны ауысып кеткен"

"Баланың психожыныстық дамуы бірнеше кезеңнен тұрады. Сол кезеңнің бірі – Эдип кезеңі. Бұл кезеңде ұлдың әкесімен идентификациясы болып, "анам менікі, мен анама үйленемін" деген сөздер айта бастайды. Осындайда әкесі ұлына "Жоқ, ол – менің әйелім. Сен өскен кезде өзіңнің әйелің болады" деп жай сөзбен түсіндіруі керек. Аталған модель – әке-ана мен бала арасындағы дұрыс қарым-қатынастың көрінісі. Ал керісінше, дұрыс емес қарым-қатынас орнаса, яғни әйел баласын өзінен ажыратпаса, ер адам ана мен бала арасына түспесе, онда ана шынайы өмірден қол үзеді. Баласы өсіп жігіт болса да, оның көзінше ұялмай киініп-шешінеді, жалаңаш та жүреді" - дейді Жанар Оспанова.

Психолог ересек баласының көзінше шешініп не жалаңаш жүретін енелердің әрекеті патология екенін айтты (Патология дегеніміз – ауру, медицинаның ауру жағдайларын зерттейтін саласы). Сөзінше, мұндайда анасы түсінбесе, баласы айтып, доғаруын сұрап, шекара қоюы керек. Әйтпесе анасына тәуелді болғанның соңы құмар ойынға, ішімдікке, есірткіге тәуелділік арқылы көрінеді.

"Бұл әрекет бір жағынан бейсаналы арбау, өзіне қарату ретінде жасалады. Негізі анасы баласының осы өмірге деген құштарлығын ашу үшін оны тамақтандыру, жұбату, түсіну, сөйлесу арқылы өзіне еліктіреді. Ал нәрестесі үлкен жігіт болғанда еліктіруге тырысу – патология. Осындай аналарға ер жігіт "Менің сүйікті әйелім, бала-шағам, жанұям бар. Мен соларға қамқор болуым керек" деп шекара қоюы қажет. Егер осылай айта алмаса, онда ол бейсаналы түрде анасына тәуелді. Ол кісіні нөмірі бірінші авторитет көреді. Кейде осы тәуелділігі құмар ойындар ойнау, ішімдік пен есірткіге салыну, дінқұмар болу арқылы көрінеді. Байқасаңыздар, ана мен баласы қатар тұр, ал әкеге орын жоқ, бәрінің рөлі ауысып кеткен", – дейді маман.

Жанар Оспанованың сөзінше, кез келген есейдім деген адам санасында, психикасында символикалық тұрғыда әкесі мен анасын шеттетеді. Бұл әрекет адамның әке-ана рөлін иемденіп, жауапкершілік алуға дайын екенін білдіреді.

"Әкесі мен анасы бөлек тұлға, өзі бөлек тұлға. Осындайда ғана адам өз "мені" дамып, тәуелсіз, еркін, айналасына көмек бере алатын, жауапкершілігі бар, өз пікірі бар тұлға болып қалыптасады. Ал дисфункциялы отбасыға келін болу әлбетте қиын. Ол келін де өзі осындай шырмаудағы жанұядан шыққан болуы мүмкін. Психоанализдің негізін қалаған Зигмунд Фройд "Біз бір-бірімізді кездейсоқ жолықтырмаймыз. Әрдайым бейсанамызда бар адамдарды ғана кездестіреміз" деген. Кейде осы келін күйеуі талап ететін бостандықты айғай-шумен ата-енесіне жеткізуі мүмкін. Немесе ажырасып тынады, болмаса көніп, сол отбасыда қалады. Бәлкім кейбір келінге бұл да керек шығар", – дейді Жанар Оспанова.

Маманның айтуынша, енесі келінімен шүйіркелесіп, келінін керек кезінде жақтай алса, баласы мен келініне бұйырмай, керісінше, екеуін де тындай алса және әрқайсысы өз пікірін, сезімін еркін білдіре алса, бұл орны ауыспаған, қалыпты отбасы болады.

Талқылау