Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әскери қызметкерлердің формасы өзгерді

Қазақстанда әскери қызметкерлер бірыңғай түсті және бірыңғай стильдегі далалық киім үлгісіне көшті. Киім әскерилерге кез келген климатта және кез келген ауа райында жайлы әрі жылы болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Қорғаныс министрлігі 

Әскери қызметкерлердің бірыңғай далалық киім нысанына көшу қажеттігі 2023 жылғы мамырда өткен бүкілармиялық кеңесте айтылған еді. Президент 2023 жылы 12 желтоқсанда Жарлыққа қол қойған соң тапсырмаларды іске асыру басталды.

“Ерекше кезеңде басқа әскерлер мен әскери құралымдар Қарулы күштердің басқаруына өтеді. Тиісінше, бүркемелеу функциясын орындайтын және климат пен аймақтың географиялық ерекшеліктерін ескеретін далалық форма да біртұтас болуы керек. Киім формасы 1999, 2006 және 2011 жылдары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бірақ барлық күштік құрылым әскери қызметкерлердің бірыңғай стилі мен түсіне көшу алғаш рет жүзеге асырылып отыр”, – деді Қарулы күштер Тылы бастығының орынбасары полковник Әсет Оразалин.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, MultiCam бояуына көшу туралы шешім басқа елдердің тәжірибесін зерделегеннен кейін қабылданды. Ол өсімдіктерге, қалалық ғимараттар мен қирандыларға, шөлді және тасты жерлерде ерекше бүркемелеу қасиетіне ие.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Киім пішіні айрықша жайлылықпен ерекшеленеді. Мысалы, жағасы ауа райы қолайсыз болған жағдайда мойынды жауып тұрады. Кең шалбар белбеуі денеге жақсы сәйкес келеді, сонымен қатар форманы реттеуге арналған құрылғылары бар.

Сондай-ақ қысқы киім формасына түбегейлі өзгерістер енгізілгені айтылды. Матаның суға, аязға және желге төзімді қасиеттері бар. Қалың шалбар жартылай комбинезон түрінде жасалған. Сондай-ақ тоқылған қалпақ пен жүннен жасалған шарф та қарастырылған.

Фото: Қорғаныс министрлігі

"Әскери қызметкерлердің өтініші бойынша іс жүзінде пайдаланылмаған маусымдық плащ курткаға ауыстырылды. Күнделікті жемпірдің орнына далалық жемпір беріледі. Табиғи ерекшеліктеріне сәйкес, жазғы етіктердің түсі қара түстен құм түсіне өзгерді. Басқару органдарының әскери қызметкерлері үшін қонышы биік етік тактикалық кроссовкаларға ауыстырылды", – делінген министрлік хабарламасында. 

Оңтайландырудың арқасында 140 миллион теңге үнемделді.

“Ал ескі форма әскерге шақырылушыларға, жыл сайынғы оқу-жаттығуға қатысатын әскери қызметкерлерге және әскерилендірілген күзет қызметкерлеріне жұмыс формасы ретінде пайдаланылады. Бұл жыл сайын ұқсас формаларды сатып алуға 400 миллион теңгеден астам үнемдеуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ әскери киім-кешек мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында тек отандық кәсіпорындарда жасалатынын атап өткен жөн.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 12 Қараша, 2024 13:46