Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адам көзі көрмеген, аяғы баспаған табиғаты көз қанықтырар мекендер көп": Патриот Қазақстанның әдемі жерлері туралы айтты

Қазіргі таңда Қазақстанның әсем табиғатын бейнекамераға түсіріп, блог жүргізу трендке айналып жатыр. Бұл әдемі көріністі мазмұнға айналдырып, елімізді әлемге танытудың бірден бір әдісі. Расында Қазақстанның тұмса табиғаты мен қойнауы сырға толы тарихын бүкіл әлем білуі керек. Осы сөзді ұран етіп, елімізді дүниежүзіне танытып жүрген қазақстандық тревел-блогер Stan.kz тілшісіне өз жұмысының мақсаты мен мазмұнын баяндап берді. 

Фото: shaidullin.timur Instagram парақшасынан алынды

24 жастағы шымкенттік Тимур Шайдуллин блогын әу баста Түркістан облысындағы әсем табиғатты, оның фаунасы мен флорасын, әдемі жерлерін көрсетуден бастаған. Бүгінде оның Instagram желісінде 96 мыңнан аса жазылушысы бар. Ол Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне, түрлі елдерге саяхат жасап, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, таптаурындарды бұзып, өзі барған жерлер туралы қызықты дүниелерді блог арқылы жеткізеді.  

Тимурдың айтуынша, елімізде әлі адам көзі көрмеген, аяғы баспаған тұмса табиғаты көз қанықтырар мекендер көп. Ол Қазақстанның әрбір өлкесін, топырағын сүйемін дейді. Айтуынша, еліңді сүю, патриотизм деген адам баласының туған жерге адалдығының, сүйіспеншілігінің, риясыз махаббатының белгісі. 

“Меніңше патриотизм ұлтшылдыққа, рушылдыққа, жершілдікке, жікшілдікке ұласпаған, парасатты ойынан туатын асыл қасиеті, оның қоғамға қарым-қатынасын білдіретін ішкі қағидасы. Қазіргі таңда еліміздің өз аяғым басқан жерлерін суретке, видеоға түсіріп, Қазақстанды әлемге танытуға қосып жүрген үлесімді патриотизмге балаймын. Елімді әлемге танытуға тырысуымды отаныма деген махаббатымның көрінісі деп білемін. Жалпы патриотизм - адам баласының Отанына, туған тіліне, дініне, салт-дәстүріне деген махаббатының еліне деген құрметімен бітіскен жері”, – дейді блогер. 

Ол Қазақстанның табиғаты көз жетпес сұлулығымен ерекшеленеді дейді.

"Елімізде көбі әлі көрмеген әдемі жерлер жетерлік. Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау, Ақсу-Жабағылы қорығы, Динозавр жотасы, Шығыс Қазақстанның табиғаты Швейцариядан артық болмаса кем емес. Батыс Қазақстанда Бозжыра тауы мен солтүстікте Бурабай бар. Одан бөлек тарихи, киелі жерлеріміз, түртіп қалсаң топырағы тарихтан сыр шертетін, қойнауында талай құпияны, әсемдікті, әдемілікті жасырып жатқан жерлеріміз жетерлік. Сол аймақтың бәріне көз куә болып, елге және әлемге танытқым келеді. Қазақстанның табиғатын бүкіл әлем танып жатса үлкен қуаныш болар еді. Сондай-ақ өз қазағымыздың да жеріміздегі ерекше әсем орындардың бар екенін білгенін қалаймыз. Мендегі ішкі туризмді таныту мақсаты да содан туған еді", - деді Тимур. 

Тимурдың сөзінше, ел туризмін насихаттап жүрген командасының құрылғанына 3 жылдан аса уақыт өткен. Қазір командада 20-ға жуық адам бар. Біз тауға шығуды, кемпинг жасауды, атпен серуендеу және осы сияқты белсенді саяхаттарды дамытқымыз келеді дейді. Сондай-ақ ол Қазақстан азаматы ретінде еліміздің дамуына өз үлесімді қоссам деген тілегі барын жеткізді. 

"Блог арқылы еліміздің дамуына үлесімді қосқым келеді. Басқа блогерлерге де айтарым, Қазақстан жайлы жиі айтуға, жиі көрсетуге тырыссаңыздар. Солай біз әлемдік деңгейге шыға аламыз. ⁠Соңғы 3 жылда ішкі туризм кішкентай сәби секілді дамып келе жатыр. Адамдар енді тауға шығып, ұлттық саябақтарда демалуды әдетке айналдыруда. Одан әрі Қазақстанда туризм саласын дамыту үшін, өсіп келе жатқан жастарға, жас компанияларға жол ашып, оқытып, қолдау көрсету керек деп есептеймін. Осылай біз мемлекетпен бірлесіп жұмыс жасасақ, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізерімізге сенемін", - деді Тимур Шайдуллин. 

Ал тревел-блогер Нұрсейіт Каримолла Қазақстанның көрікті жерлеріне қарапайым сапарлар жасап жүріп, өз елімнің табиғатына деген сүйіспеншілігім одан әрі артты дейді. 

“Осы саяхаттар арқылы өз елімнің сұлулығын әлемге көрсеткім келді. Сонымен қатар қазақстандықтардың өз елінің табиғаты мен мәдениетіне қызығушылығын арттырғым келді. Менің ойымша, әр адамның өз елінің көрікті жерлерін көруі және бағалауы маңызды. Отанды сүю, патриотизм деген дүние осындай құндылықтарды арқалаудан басталады. Меніңше патриотизм – өз еліңе, оның мәдениетіне, тарихына және табиғатына деген шынайы сүйіспеншілік. Менің бұл жолдағы міндетім – Қазақстанның көркем жерлерін және мәдени байлығын әлемге көрсету. Бұл менің өз еліме деген сүйіспеншілігімді білдіретін және ішкі туризмді дамытуға ықпал ететін үлкен қадамым”, – дейді тревел-блогер.

Фото: nurseiitkarimolla Instagram парақшасынан алынды

Сондай-ақ Нұрсейіт Каримолла, Қазақстан бойынша жасаған саяхаттары барысында Алматы мен Астана сияқты қалаларда туризм инфрақұрылымы жақсы дамығанын жеткізді. Ал еліміздің шалғай өңірлеріндегі туризмді дамытуға күш салу керектігін айтты.

 

Талқылау