Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы платформалық жұмыспен қамту: Алматыда өткен такси форумында жобаның нәтижелері мен мәселелері талқыланды

Форум аясында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері Қазақстандағы платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаның алғашқы нәтижелерін талқылады. Мамандар салық түсімдері мен әлеуметтік аударымдарды жинау процесінде оң әсерлер барын алға тартты. Сонымен қатар жобаны іске асыру кезінде кездесетін негізгі қиындықтар да атады. Бүл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Форумда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин өткен жылы Мемлекеттік кірістер комитеті Yandex Qazaqstan-мен бірлесіп, такси жүргізушілеріне арналған платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба іске қосқанын айтты. Бұл жоба арқылы такси жүргізушілері Астана және Алматы қалаларында Yandex go қосымшасы арқылы қызмет көрсетеді. 

"Яндекс Такси нарықта бірінші болып өз жүйелерін интеграциялап, 1 қыркүйектен бастап жаңа механизм бойынша жұмыс істей бастады. Әрине, қиындықтар бар, бірақ жұмыс жүріп жатыр. Алда басқа да платформалардың осы жобаға қатысуын күтеміз", – деді Олжас Анафин. 

Яндекс Таксидің платформалық жұмыспен қамтуды дамыту жөніндегі директоры Наталья Москвитинаның сөзінше, бүгінгі таңда жоба аясында жеке кәсіпкер ретінде 36 мың жүргізуші тіркелген. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап компания әлеуметтік және салық кодекстеріне енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, орындаушы салық агенті атанды. Осы кезеңде жүргізушілердің агент арқылы аударған салықтары мен әлеуметтік жарналарының сомасы 913 миллион теңгені құрады. Ал олардың жеке кәсібі бар жүргізушілердің табысы 46,8 миллиард теңгеге жеткен.

"Әрбір жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жүргізуші табыс салығын төлейді. Сонымен қатар ол өзінің зейнетақы жинақтарын қалыптастырады. Қосымша медициналық көмек пен әлеуметтік қорғауға қол жеткізеді", – дейді Наталья Москвитина.

Сондай-ақ, Москвитина жеке кәсіпкер мәртебесі бар жүргізушілердің e-Salyq Business-те автоматты чектер құратынын атап өтті. Дегенмен осы тұста басты кедергілердің бірі электрондық құжат айналымы (ЭДО) болып отыр. Бұл мәселе жүргізушілер мен сервис серіктестері үшін де, платформаның өзі үшін де көптеген сұрақтар мен қиындықтар тудыруда.

"Құжаттарға қашықтан қол қою үшін электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйеде тіркеу қажет. Бұл тіркеуді тек жеке компьютер арқылы ғана орындауға болады. Біз зерттеу жүргіздік. Осы тұрғыда жүргізушілердің 70%-ы дербес компьютерге қол жеткізе алмайды", - деп қосты Москвитина.

Яндекс Такси жүргізушісі әрі серіктесі  Бейсембаев Нұрлан ЭДО-мен қиындықтар туындап жатқанын растады.

"Осы электрондық құжаттардың кесірінен жеке кәсіпкерліктен кеткім келеді. Бұл өте қиын әрі түсініксіз. Ай сайын осы Атқарылған жұмыс актісі мен Электрондық шот-фактурасын түсінбей алаңдаймын. Бұл маған қиын. Себебі мен есепші маман емес, такси жүргізушісімін", – деді ол.

Бұл мәселені шешу үшін Яндекс Такси жүргізушілерге қажетті құжаттарды қалыптастыруға көмектесетін провайдерлерді қосты.

"Электрондық құжат айналымы күрделі және ыңғайсыз құрал болып қала береді. Сондықтан біз бұл процесті қарапайым және қол жетімді ету арқылы қайта қарауды ұсынамыз. Мысалы, құжат айналымын e-salyq Business-те арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, салық режимі шеңберінде платформа қоятын чектерге ауыстыруға болады. Платформамен айналысатын бірқатар елдерде дәл осылай жүзеге асырылды", - деп атап өтті Москвитина.

Такси жүргізушілерімен жұмыс қалай өзгерді

Алматы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Айдос Мұхамеджанов таксомоторлық тасымалдарды реттеу мәселесі салық органдарының назарында бұрыннан жүргенін екенін атап өтті. Айтуынша, агрегаторлар пайда болғанға дейін нарық ашық болған жоқ. Сол себепті бұл такси жүргізушілерімен жұмысты қиындатты.

Сондай-ақ, маманның сөзінше, салық органдары алдағы уақытта да басқа да платформалармен өзара іс-қимылды жалғастырады.

"Нарықта 18 платформа бар. Олар салықты қалай шегереді, тіркеу тетіктерін дұрыс қолдана ма? Біз олардың жұмысына талдау жасағымыз келеді", — деп түйіндеді ол.

Салықтық әкімшілендірудің болашағы

"Цифрлық салық технологиялары" ЖШС бас директоры Алена Герун платформалық жұмыспен қамту үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетудің маңыздылығын атап өтті. Айтуынша, ең негізгі шешімдердің бірі – декларациясыз салық режимдерін енгізу.

"Алгоритмдер неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым көп интернет-платформалар жобаға қосылғысы келеді. Біз мұны Яндекс таксимен бастаған пилоттық жобадан да көріп отырмыз", - деп қосты Герун.

Салық сарапшысы Дмитрий Казанцев те осы тұста Салықты әкімшілендірудегі өзгерістердің маңыздылығын айта кетті. 

"Егер салықтар платформаларда немесе бюджетке аударылса, бәрі айқын түрде төленетін ашық жүйені көреміз. Бұл адал бәсекелестікті тудырып, бизнестегі кедергілерді жояды. Мұны жүзеге асыру үшін үкімет деңгейіндегі батыл шешімдер қажет", — деп қосты Казанцев. 

Сарапшы іс жүзінде жұмыс істейтін тетіктерді әзірлеу үшін үкіметті бизнес қауымдастығымен белсенді диалог құруға шақырады.

"Бір жыл қалды. Үкімет кәсіпкерлер мен сарапшылардың ұсыныстарына назар аударады деп сенемін. Сонда біз салық жинаудың айтарлықтай өсуіне әкелетін бюрократиялық қарапайым шешімдерді тез қабылдай аламыз", - деп қорытындылады Дмитрий Казанцев.

Қорытындылай келе, кейбір бағалаулар бойынша Қазақстанда бір жарым миллионға дейін адам платформалық жұмыспен қамтуға қатыса алады. Бұл олардың әлеуметтік қорғалуы мен салық төлеудегі ресми мәртебесін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, салық кодексінің жаңа нұсқасында жеке тұлғалардың орындаушы ретіндегі тұжырымдамасы пайда болды. Бір жағынан, бұл жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейтін жүргізушілер үшін процесті жеңілдетуі мүмкін. Екінші жағынан, бұл шара жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 36 мың жүргізушінің еңбегін ысырап етпек.

Осылайша, қазіргі пилоттық жоба платформалық жұмыспен қамту саласындағы ұзақ мерзімді өзгерістеріне негіз болуы керек. Дегенмен, бұл жүйенің ыңғайлы, түсінікті әрі қолжетімді болуы үшін кейбір түзетулер енгізу қажет.

Талқылау