Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы ақылы жолда асфальт ойылып, жарылып кетті: Көліктер зақымдалды

Фото: “ҚазАвтоЖол”

Әлеуметтік желі қолданушылары Астана – Павлодар ақылы тас жолындағы жол жамылғысының бүлініп жатқан суреттері мен видеосын жариялады. Кадрлардан жолдың бір бөлігінде асфальттың көтеріліп, жарылғанын, бетон плитасының ойылып қалғанын көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүлінген жолдың кесірінен бірнеше автокөлік зақымдалған. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, жолдағы апаттық жағдай 12 маусым күні пайда болған.

“Екібастұзға жетпей тас жол күннің ыстығынан көтеріліп кеткен. Көліктің алдыңғы бөлігі зақымданды, қауіпсіздік жастығы ашылды. Жолда абай болыңыздар, бетон көтеріліп кеткен", – деп көлік жүргізушісі басқаларды ескертті.

“ҚазАвтоЖолдың” мәліметінше, күн қатты ыстық болғандықтан тас жол көтеріліп, жарылып кеткен.

“12 маусым күні сағат 18:30 шамасында Iб санатындағы Астана – Шідерті – Павлодар – Үспен – РФ шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар ақылы автожолдың 1265-шақырымында ауа температурасы күрт көтеріліп (+33…+35 °C), салдарынан цемент-бетон жамылғы плиталары қыртыстанып, көтеріліп кеткен", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уақытша белгілер орнатылғаны айтылған. Оқиға орнына қажет техника жіберіліп, жөнделіп жатыр. Онда тәулік бойы кезекшілік қойылды.

Компания өкілдері жүргізушілерден барынша мұқият болуға және жылдамдықты асырмауға шақырды.

Кейін “Қаз АвтоЖол” көтерілген бетонды алынып, оның астындағы қабатын қайтадан тегістелгенін хабарлады. 

“Жол жабыны қысқа уақытта қалыпқа келтіріліп, қозғалыс қайтадан жаңартылады”, – делінген хабарламада.

Әлеуметтік желі қолданушылары ақылы жолдың жағдайына наразылық білдіріп, жауаптылардан жолды қалыпқа келтіріп, жүру ақысын төмендетуді талап етті.

Кейінгі екі күнде Павлодар облысында ауа райы өте ыстық. Кей жерлерде ауа температурасы +35 °C-қа дейін жеткен.

Айым Болатқызы
Жұма, 13 Маусым, 2025 09:33
Талқылау