Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері ұлғайды
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері өсті. 2024 жылы жарна мөлшері 1,5% еді, биыл 2,5% болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмыс беруші зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға қатысып, БЖЗҚ-ға жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) өз қызметкерлерінің пайдасына аудара бастады. Осылайша, Қазақстанның жинақтаушы жүйесі жаңа құрамдауыш бөлікпен толықтырылды.
“Әлеуметтік кодекске сәйкес, қызметкерлер өз кірістерінен төлейтін 10% міндетті зейнетақы жарналарынан айырмашылығы – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады. Жыл сайын ЖМЗЖ мөлшері кезең-кезеңімен өсіп отырады (2024 жылы 1,5%, 2025 жылы 2,5%, 2026 жылы 3,5%, 2027 жылы 4,5%) және 2028 жылы 5% жетеді. Жұмыс берушінің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылдайтын жұмыскердің табыс сомасы тиісті күнтізбелік жылға белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) кем дегенде біреуін және көп дегенде 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс”, – деп мәлімдеді "БЖЗҚ" АҚ баспасөз қызметі.
Жұмыс берушілер зейнет жасындағы, 1 және 2-топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар, әскери қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған адамдардың пайдасына ЖМЗЖ төлеуден босатылды. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жұмыс берушілердің ЖМЗЖ-ны уақытылы және толық төлеп отыруын бақылайды.
“Қызметкерлердің жеке зейнетақы шоттарына түсетін МЗЖ-дан тағы бір ерекшелігі, ЖМЗЖ шартты зейнетақы шоттарына есептеледі және қызметкерлердің меншігі болып саналмайды. Тиісінше, ЖМЗЖ есебінен қалыптасқан жинақтарды қызметкерлер мұраға қалдыра алмайды. ЖМЗЖ зейнетақыны ортақ (таратушы) қағидаты бойынша төлеуге арналған. Сондықтан Қазақстан азаматтығынан айырылған немесе қайтыс болған адамдар үшін төленіп келген ЖМЗЖ қалған қатысушылар арасында бөлініп, өмір бойы төленеді”, – делінген хабарламада.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу 1975 жылы және одан кейін туған жұмысшылардың ортақ зейнетақы алуға мүмкіндік беретін 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілінің жоқтығын немесе мүлдем аз екенін ескере отырып, осы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған. Болашақта олардың жиынтық зейнетақысы үш құрамдауыш көзден, яғни базалық – мемлекеттен, жинақтаушы – БЖЗҚ-ға аударған міндетті зейнетақы жарналары және шартты-жинақтаушы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен қалыптасады.
Бұған дейін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы 2024 жылға шегерелгені туралы жазған едік.