Қазақстанда жыл басынан бері 21 судья істі қарау кезінде заң бұзған
7 қазанда сенат отырысында Жоғары сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова судьялардың заң талаптарын бұзғаны жөніндегі деректерді бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Сисенованың сөзінше, судьялардың сот ісін қарау кезінде заң талаптарын бұзуы көбейген.
"2024 жылдың 9 айында нақты сот ісін қарау кезінде 21 судья заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Былтырғы осы кезеңде 9 судья жазаланған еді. Яғни бұл көрсеткіш 9 айда екі жарым есеге жуық өсті", – деді Сисенова.
Сонымен қатар Нұрия Сисенова судьялар үшін жауапкершілік күшейтілгенін қоса кетті. Мысалы, 1 қазаннан бастап нақты істі қарау кезінде заңды өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартудың жаңа механизмі енгізілген.
“Судьяларда ерекше мәртебе болғандықтан, жауапқа тарту да ерекше мәртебеге ие болады. Оған сәйкес екі шарт болуы керек, яғни судья заңды өрескел бұзуы қажет. Екіншісі – бұл заңбұзушылық туралы жоғары инстацияның құжатында көрсетіліп, ұжымдық құрам қол қояды”, – деп қосты ол.