Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жазда театрлар, мұражайлар мен қорықтар балалар үшін тегін болады

Фото: depositphotos.com

Жазғы демалыс кезінде балалар мұражайлар, театрлар, қорықтар мен ұлттық парктерге тегін кіре алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

20 мамыр күнгі үкімет отырысы барысында премьер-министр Олжас Бектенов осындай тапсырма берді. Бектеновтың тапсырмасына сәйкес, туризм министрлігі тарихи-мәдени мұра нысандары мен танымал туристік аймақтарға балалардың баруын қамтамасыз ету үшін өңірлер арасындағы өзара байланысты үйлестіруі тиіс.

"Балалар Қазақстанның табиғи және мәдени алуан түрлілігін көруі керек. Мәдениет министрлігіне жазғы демалыс кезінде балалардың мұражайлар, театрлар, қорықтар мен ұлттық парктерге тегін баруын қамтамасыз ету тапсырылды", – деді премьер-министр.

Жалпы алғанда, мемлекеттік органдар жазғы демалыс кезінде балалардың толыққанды демалысы мен денсаулығын жақсарту үшін қажетті жағдайларды жасауға міндетті. Әкімдіктер балалар лагерьлерінің ашылуын және олардың санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі және антитеррористік талаптарға сәйкестігін жеке бақылауына алуы тиіс. Ал денсаулық сақтау министрлігі балалардың тамағына тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізуі керек, ал төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарында және бассейндерде құтқару жабдықтарының бар-жоғын тексеріп, қызметкерлеріне судағы және өрт кезінде балаларды құтқару дағдыларын үйретуі қажет. Ал ішкі істер министрлігі әрбір балалар орталығы мен лагерлерге, сондай-ақ көпшілік іс-шаралардың өтетін жерлеріне учаскелік полиция инспекторларын бекітуі тиіс.

"Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударылуы тиіс. Ұйымдастырылмаған спортшы-балалардың сапары қайғылы салдарларға әкелгені бәрімізге мәлім. Сондықтан спортшы-балалар өз елді мекендерінің сыртына тиісті келісімдер мен рұқсаттарсыз және патрульдік полицияның сүйемелдеуінсіз шығуына жол бермеуді тапсырамын", – деді Бектенов.

Премьер-министр барлық ұйымдастыру мәселелерін 1 маусымға дейін шешуді тапсырды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда театр және концерт билеттері қымбаттайтыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Мамыр, 2025 19:00
Талқылау