Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде жұмыс орнын тастап кеткен полицейлер 10 жылға дейін сотталмақ

Қазақстанда құқық қорғау органы қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Парламент Мәжілісінде "Әскери полиция органдары туралы" заң жобасы қаралып жатыр. Заң жобасын талқылау барысында Мәжілісмен Ерлан Саиров тәртіп сақшыларының жауапкершілігі туралы сұрады.

"Қайғылы қаңтар кезінде Талдықорған қаласында, Жамбыл және Қызылорда облыстарында кейбір қызметкерлер жұмыстарын тастап кетіп қалған болатын. Прокуратура өкілдеріне сұрағым бар, осы орган басшыларына қандай шара қолданылды?", - деп сұрады Саиров.

"Қаңтар оқиғасына қатысты ай сайын тиісті ақпаратты береміз. Қанша қылмыстық іс қозғалды, қанша адам жауапқа тартылғанын хабарлаймыз. Тиісті ақпарат қажет болса, тағы бере аламын", - деді бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев.

Ол 2022 жылдың желтоқсанында заңға тиісті өзгерістер енгізілгенін айтты.

"Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің Төтенше жағдай кезінде жұмыс орындарын тастап кету, өкілеттіктерін асыра пайдалануы бойынша Қылмыстық кодекске жаңа бап енгіздік. Онда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген. Жоғарыда айтқанымдай, мен толық ақпаратты бөлек бере аламын", - деп жауап берді Бас прокуратура өкілі.

Айта кетсек, бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Әскери полиция органдары туралы" заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды. 

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық ұланның әскери полиция органдарының мәртебесін, құзыретін, қызметін ұйымдастыру мен тәртібін айқындауға бағытталған. Заң жобасының нормалары заңнамалық қамтамасыз етудің біртұтас жүйесін құруға және қойылған міндеттерді келісіп орындауға мүмкіндік беретін әскери полиция органдары қызметінің заңнамалық негізін біріздендіруге бағытталған.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 14 Желтоқсан, 2022 16:16
Талқылау