Медициналық тексерістен өту мен мінез-құлық нормалары: Қазақстанда курьерлерге арналған жаңа талаптар күшіне енді
Қазақстанда тамақ жеткізу қызметіне қатысты жаңа талаптар бекітілді. Курьерлер денсаулығы туралы анықтама алу үшін медициналық тексеруден, гигиеналық дайындықтан өтуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда тамақ жеткізу қызметіне қатысты жаңа талаптар бекітілді. Стандартқа сәйкес, курьерлерде медициналық тексеруден өткені туралы белгісі бар белгіленген үлгідегі жеке медициналық кітапша болуы керек. Сондай-ақ олар кәсіби гигиеналық дайындықтан өтуге және жалпы қабылданған нормалар мен мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуға тиіс.
“Осы стандартты қолданудан қоғамдық тамақтандыру өнімдерін жеткізу нарығындағы талаптардың ашықтығы мен бірізділігі қамтамасыз етіледі, тұтынушылардың көрсетілетін қызметтерге деген сенім деңгейі артады және Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінің нығаюына ықпал етеді", – деп мәлімдеді сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті.
Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану өнімдерін тұтынушыларға жеткізу кезінде және тапсырыстарды беру пунктерінде қаптаманы тасымалдау барысында сыртқы зақымдануын анықтау үшін тапсырыстағы өнімді тексеру мүмкіндігі берілуі керек.
Қабылданған стандарт мейрамханалардың, дәмханалардың, логистикалық компаниялардың және курьерлердің тамақ жеткізу қызметінің сапасын арттырмақ.
Бұған дейін Қазақстанда есірткі тасымалдайтын курьерлердің шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығатыны туралы жазған едік.