Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сталкинг жасағандар 90 күнге дейін қамауға алынбақ

Ер адам әйелді аңдып келе жатырФото: freepik.com

Бүгін сенат сталкинг жасағандарды және некеге тұруға мәжбүрлегендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сұрақ-жауап барысында сенатор Сәкен Арубаев бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтен Қылмыстық кодекске сталкинг үшін жеке бап енгізу қаншалықты орынды екенін сұрады.

"Қаралып отырған заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске 115-1-бапты енгізу ұсынылған екен. Ол сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді, яғни басқа адамдарға қатысты жүйелі түрде қорқыныш, мазасыздық тудыратын немесе қолайсыздық келтіретін жағымсыз қудалау деген мағынада. Қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттер үшін жеке қарастырылғанымен, сталкингтің жекелеген элементтері Қылмыстық кодекстің кейбір баптарында ішінара қамтылуы мүмкін. Нормалар болған жағдайда сталкингті жеке бөліп көрсету қаншалықты орынды? Осы норманы қолдану кезінде құқықтық қамтамасыз етумен теріс пайдалануға жол бермеу үшін қандай шаралар көзделген?", – деп сұрады сенатор.

Шындалиев Қылмыстық кодекске сталкинг үшін жаза енгізу көзделіп отырғанын растады.

"Расында, сталкинг үшін жаза енгізіп отырмыз. Сталкинг деген не? Ол адамның мазасын алып, әлеуметтік желілерде, көшелерде ізіне түсіп, телефон соғып, мазасын алу. Жауапкершілікті сталктен кейін одан ары қарай ауыр қылмыс жасамауы үшін, соның алдын алу үшін енгізіп отырмыз", – деді бас прокурордың орынбасары.

Оның айтуынша, сталкинг кезінде жәбірленушіге қасақана аса ауыр дене жарақатын келтірсе, ол кезде әлгі адамның іс-әрекеттері Қылмыстық кодекс баптарының жиынтығымен сараланады. Мысалы, сталкинг жасап, одан кейін аса ауыр дене жарақатын келтірсе, ол кезде іс сталкинг бойынша және 106-бап бойынша сараланып, осы екі бап бойынша жауапкершілікке тартылады. 

"Осы қылмыс бойынша барлық тергеу амалы жүргізіледі. Тергеуші тергеп, тексереді. Тергеушінің іс-әрекетін прокурор, сот қадағалайды, сондай-ақ ведомстволық бақылау жүргізіледі. Сондықтан бұл бапты теріс пайдалануға жол бермеуге барлық механизм бар деп ойлаймын", – деді Шындалиев.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сталкинг үшін қандай жаза қарастырылғанын сұрады. Бас прокурордың орынбасары сталкингке айыппұл салу немесе 90 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылатынын атап өтті.

Сталкинг (ағылш. stalking – "қудалау") –  бір адамның екінші адамды жүйелі түрде аңдуы, бақылауы, байланысқа шығуы немесе қорқытуы арқылы жәбірленушіде қорқыныш, жайсыздық немесе қауіп сезімін тудыратын іс-әрекет түрі. Бұл мынадай әрекеттерді қамтуы мүмкін: физикалық түрде артынан қудалау, аңду, орынсыз хабарламалар жіберіп, қоңырау шалу, тіпті адамды басқару үшін әлеуметтік желілердегі ақпаратты пайдалану.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 14:08
Талқылау