Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді
Фото: pixabay.com
Қазақстанда алғаш рет сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, өзге адамның еркіне қарсы заңсыз қудалау 200 АЕК-ке дейін айыппұлмен, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстармен немесе 50 тәулікке дейін қамаумен жазаланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақсатында және "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2025 жылғы 16 шілдеде мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске 115-1 "Сталкинг" жаңа бабы енгізілген заңға қол қойылды.
Айта кетейік, сталкинг – бұл адаммен қарым-қатынас орнатуға және (немесе) оның еркіне қайшы келетін, зорлық-зомбылықпен ұштаспаған, елеулі зиян келтірген әрекеттерді білдіретін адамды заңсыз қудалау.
Отандық заңнамада мұндай әрекеттер үшін 200 АЕК-ке (786 400 теңге) дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет қарастырылған.
Егер сталкинг зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша қосымша сараланады.
Сталкинг бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік нақты зиян болған жағдайда ғана қаралады. Бұған жеке өмірге қол сұғылмауы, еркін жүріп-тұруға шектеу қою немесе психологиялық қысым көрсету жатады. Заңның мақсаты – құрбандарды ерте кезеңде қорғау және зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қалыптастыру. Құқық қорғау органдарының заңды әрекеттері сталкингке жатпайды.
Бас прокуратура азаматтарды сталкинг көріністеріне немқұрайлы қарамауға және мұндай жағдайда дереу ішкі істер органдарына хабарласуға шақырады.
17 жастағы танымал тиктокер қызды сезіміне жауап бермегені үшін сталкер атып өлтірген
Әлеуметтік желі қазақстандық бойжеткеннің өмірін тозаққа айналдырған: Ол сталкинг құрбаны болды
Еске салайық, бұған дейін танымал блогер және актриса Әлия Байбусынова 5 жылдан бері бейтаныс ер адамның сталкингіне ұшырап келе жатқанын айтып берді. Ер адам оны әлеуметтік желі арқылы қудалап, гүл жіберіп, жеке нөміріне хабарласып, тіпті вокзал мен үй маңында бақылап жүрген. Блогер жас кезінде де ұқсас жағдайларды бастан өткергенін атап өтті. Қорғану үшін ол әрқашан сақтану шараларын қолдануға мәжбүр болған.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
