Қазақстанда соңғы алты айда 36 қаржы пирамидасы анықталды
Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша "Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы іске қосылды. Ведомство жобаның басты мақсаты алаяқтық жобалардың өмірлік циклын және оларға тартылған салымшылар санын қысқарту екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қаржы пирамидаларының құрылған сәтінен бастап, ерте анықтау үшін IT құралдарын пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жүргізіліп жатыр. Биыл бұғаттауға 600 мың аудиториясы бар, мыңға жуық қаржы пирамидаларының белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесі жіберілді.
“Тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталды. Олар бойынша WhatsApp, Telegram және Instagram әлеуметтік желілерінде 200 чат анықталған. Бүгінде олардың 182-сі бұғатталды. Осылайша, 126 мың азаматтың қаржылық шығындарының алды алынды. 73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Carhomi, Beefre). Бір пирамида бойынша сот үкімі бар (Eolus-үкім 23.02.2024 ж.шығарылды)“, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, оларды толығымен жою үшін агенттік ТМД елдеріндегі әріптестеріне қаржы пирамидаларын ұйымдастырды деген күдіктілердің орналасқан жері жайлы ақпарат беріп, оларды хабардар етті. Әріптес елдермен өзара іс-қимыл ТМД елдерінің салықтық (қаржылық) тергеп-тексеру органдарының үйлестіру кеңесі жанынан ҚМА бастамасы бойынша арнайы жұмыс тобын құрудың арқасында мүмкін болды.
Айта кету керек, қаржы пирамидалары әлі де қаржылық инвестициялар саласындағы қылмыстық көріністің ең қауіпті модельдерінің бірі. Олардың таралуы азаматтардың қаржылық жағдайына нұқсан келтіреді. Салдарынан азаматтар қарызға кіріп, көтерме несие алып, қылмыс пен суицидке барады. Мұның бәрі қоғамдағы әлеуметтік шиеленіске әкеледі, ал қылмыстық элементтер одан әлі пайда тауып келеді.