Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда өзбек, тәжік, қырғыз өз еліне қайтқалы жұмысшылар тапшы

Қазақ-жалқау десе, жақтырмаймыз. Бірақ ауыр жұмыстан қашамыз. Тепсе темір үзетін жігіттеріміз күзетші боп жүр. Сөйте тұра, өзімізше өзбекке мұрнымызды шүйіреміз. Енді міне, дәл карантин уақытында сол өзбек, тәжіктің жоқтығы білініп қалды. Қазір бизнесмендер жұмысшы таба алмай, кәсіптерін жауып жатқан көрінеді.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Интернетте "бизнесімді сатамын" деген сарындағы хабарламадан көз сүрінеді. Жұмыс бар, жұмысшы жоқ. Қырғыз, тәжік, өзбектің 3 мыңға жасап беретін қызметіне қазекем 2 есе, тіпті 3 есе артық тиын сұрайды екен.

Індет басталғалы қырғыз, тәжік, өзбек өз еліне кетті. Амалсыз осындай әрекетке барды, әйтпесе, қазақтың жерінде жап- жақсы жұмыс істеп жүр еді ғой. Өз ағасы өзбекке сылағын сылатып, қырғызға қабырғасын қалатып үйренген қазақ амал жоқ, қара жұмысқа өзі жегілуге мәжбүр. Бірақ бес-он тиынды біздікілер бәлсіне қойса жақсы. Жоғары болмаса да, мардымды жалақы керек. Ал кәсіпкер оны бере алмайды. Салдарынан, бизнесін сатуға мәжбүр.

"Қара жұмыс, ауыр жұмыс болса да, Қазақстан азаматтары жұмыс жасайтын болса, бағасын өсіріп айтады. Үлкен жалақымен істегеннен кейін ол продукцияның бағасы өседі. Ол продукцияны біз сата алмаймыз

Әрине өз еліңде, өз халқыңа көмектесіп, өз халқыңды жұмысқа алып, жасаған дұрыс. Бірақ, егер де біздің азаматтарымыз жұмыс істегісі келмесе, біз не істеуіміз керек?", - дейді кәсіпкер Марат.

Данабек Тағаевтың да тірлігін тәжік, өзбек тындырып келген. Ал қазір қара жұмысты қазақтар істеп жүр.

"Бұрынғы айырмашылығы өзбек, қырғыздар, әзербайжандар істеп жүргенде 5 мыңнан алатын. Ол кезде қазақтар керек емес, жұмысшылар керек емес. Өйткені олар ол бағамен істегісі келмеді. Олар кеткелі бізде қазір ең төменгі 7,5 күндік ақысы 9,5-нан беріп жатырмыз", - деді бригадир Данабек Тағаев.

Пандемияға байланысты шетелдік жұмыскерлердің саны едәуір қысқарғанын салаға жауаптылар да мойындайды.

"Шетелден келетін жұмыс күшін тарту квотасы екі есеге азайды. Биылғы белгіленген квота шеңберінде қазіргі күні 15871 адам шетелдік жұмыс күші жұмыс істейді", - деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин.

Бұл - биылғы статистика. Ал былтыр ішкі істер министрлігі бас сауғалап келген 414 мың шетелдікті шекарадан өткізген. Оның 394 мыңы  Өзбекстан азаматы.

"Оның 82 проценті құрылыста, 9 проценті үй жұмысында, 6 проценті бау-бақша жұмысында істеген. Осының өзінен-ақ біздің еліміздің негізгі қара жұмыс күші өзбек азаматтары екені көрініп отыр", - деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Сәрсенбай Еңсегенов.

Табыстары да тәп тәуір. Былтырғы жылдың алғашқы 9 айында банктер арқылы Өзбекстанға 108 млн доллар ақша аударылған. Ал Өзбекстандағы Қазақстан азаматтары осы уақыт аралығында елімізге небары 25 млн доллар ғана жөнелтіпті. Айырмасы айдан анық. 

"Біз беретін ақшаны менсінбейді, місе тұтпайды, қазақтар жұмыссыз деген сияқты. Сырттан келетіндер ешқандай да салық төлемейтін болса, мемлекетке пайдасын тигізбейтін болса, олар арзан ақшаға қорықпай да бара береді. Ал қазақтандықтардың қатты ынтызар болмауы, өз
құндарын білетіндіктен", - деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Салық төлемейді. Бұл - бір. Екіншіден, біз менсінбейтін 5 мың - оларға әжептеуір ақша. Кәсіпкерге де керегі осы. Қиын жұмысын арзан ақшаға істетіп алады. Ал бұл елдегі жұмыссыздар санын арттырып отыр.

"Төтенше жағдайды жариялағаннан бастап халықты жұмыспен қамту орталығына 24 мыңнан астам азамат келіп жүгінді. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда,  43 пайызға көбейді деп айтуға болады", - деді жұмыспен қамту ортылығы азаматтарды қабылдау және БАҚ жөніндегі директордың кеңесшісі Алтынай Қосыбаева.

Орталықтан екі қолға бір күрек дәметіп келгеннің бәрі бірдей ұсынған жалақыны місе тұтпайтыны тағы бар.

"100-ден жоғары. 500 мыңның көлемінде сұрап келеді", - деді жұмыспен қамту ортылығы азаматтарды қабылдау және БАҚ жөніндегі директордың кеңесшісі Алтынай Қосыбаева.

Әйтпесе жұмыс көөөөп. Бүгінгі күнде талап етіліп отырған мамандар - ол сауда-саттықта жүрген кассир, сатушы, жүргізуші, автобус жүргізушісі, дәрігерлер, күзетшілер, құрылыс жөніндегі мамандар.  Күніміз қашанғы көрші елдің келімсектеріне қарап отырсын?! Сайып келгенде, бар айып - қымбатшылықта.

"Орташа жалақы 160-170 мыңдай болатын болса, соның 100 мыңдайын қара жұмыс иелеріне беретін болса, тапшылықты сезініп жатқан салалардың барлығын жұмыспен қамтамасыз ете аламыз", - деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Талқылау