Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда орташа жалақы алатын азаматтарға жеңілдетілген ипотека беру ұсынылды

2026 жылдан бастап бірнеше баспанасы бар азаматтарға салық қымбаттайды

Фото: Pixabay.com

Жылжымайтын мүлік сарапшылары орташа жалақы алатын азаматтарға жеңілдетілген ипотека беруді ұсынып отыр. Себебі қаңтардан бастап баспана нарығында құн салығы пайда болса, пәтерді қолма-қол емес, тіпті несиеге алудың өзі қиындайды дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнасының “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Келесі жылы құн салығы 16% көтеріліп, баспана нарығына қайта оралады. Жылжымайтын мүлік сарапшыларының пікірінше, салдарынан үй қымбаттап, орташа жалақыға күн көретін жандардың ипотека алуы қиындауы мүмкін. Сол себепті тұрақты жұмысы мен табысы барларға мөлшерлемесі 7 мен 8%, алғашқы жарнасы 15%-дан аспайтын және бірінші үйді сатып алу кезінде құн салығына субсидия, не салықтық шегерім беретін бағдарлама шығару ұсынылды. Жылжымайтын мүлік сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы бұл ұсынысқа оң көзқарас білдірді.

“Негізі ҚҚС-тің ипотекаға тікелей байланысы жоқ. Бірақ сарапшымен келісемін, қазір ипотекамен қиын болып тұр. Қазір нарықта ипотеканың мөлшерлемесі 20%-ға жетеді. 18-20%. Қазір шектеулер көп болып жатыр. Мемлекеттік сыйлықақыны да азайту талқыланып жатыр. Менің ойымша, қазір Отбасы банк арқылы немесе 7-20-25 лимитін көбейту арқылы ипотека нарығына, адамдарға көмектесу керек деп санаймын”, – деді сарапшы Жеңіс Шәріпұлы.

Ал экономист Марат Қайырленов құн салығының өсуі ипотекаға тікелей әсер етпегенмен, халықтың төлем қабілетін төмендетіп, банктердің баспана несиесін азайтуына әкеледі дейді.


Енді "Отбасы Банк" монополиясы болмайды: Ипотекалық несиелендіру реформасынан қандай жақсы өзгерістер күтеміз


“Бұл банктерге мәселе тудырады. Борышкерлер қатарының артқаны оларға тиімсіз. Әрине, ипотека үшін баспана кепілдікте тұрады. Бірақ банкке қарыздың қаржылай өтелгені маңызды. Ал салықтың салдарынан орташа жалақы несие төлеуге жетпейді. Қазірдің өзінде табыстың 50 пайызы несиеден басқа шығындарға кетіп жатыр”, – деді экономист Марат Қайырленов. 

Сарапшы мен экономистердің болжауынша, келер жылы үй бағасы 7% көтерілуі мүмкін. Ал құн салығы қаңтарда нарыққа бірден әсер ете қоймайды, 2-3 тоқсаннан кейін білінеді дейді.

Еске салсақ, несие беру нарығында ипотеканың жаңа түрі пайда болғаны айтылды.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 12:29
Талқылау