Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі қысқарды
Қазақстанда мемлекеттік сатып алуға қатысты ереже өзгерді. Жаңа ереже тендерлерді өткізу мерзімін айтарлықтай қысқартып, жобаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Биылғы 1 қаңтардан бастап "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа Заң күшіне енді. Жаңашылдықтар мерзімдерді қысқартуға және оларды өткізу кезіндегі рәсімдерді оңайлатуға бағытталған.
“Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа жеңілдетілген ережелер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы алғашқы шарттар жасалды. Оларды қабылдау жобаларды, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды жедел іске қосуға және олардың бағасының көтерілу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Жеңімпаздар негізінен жергілікті компаниялар болады. Бұл аймақтардың бизнесі мен экономикасына қолдау болып саналады”, – делінген хабарламада.
Не өзгерді:
- Байқау тәсілімен өткізілетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін қысқартылды;
- Өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды;
- Өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды;
- Конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күнінде анықталады;
- Рейтингтік-балдық жүйені қолдану арқылы өткізілетін конкурс (автоматтандырылған сатып алу тәсілі, жеңімпазды веб-портал айқындайды) арқылы сатып алу жеңімпаздары жиналған ұпайлар негізінде 5 жұмыс күнінде айқындалады;
- Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылды;
- Жергілікті жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды.
Жаңа ережелерге сәйкес, биыл 10 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 951,38 миллиард теңге сомасына 282 703 шарт жасалды. Былтырмен салыстырғанда 223,2 миллиард теңгеге 165 558 шарт жасалған. Берілген шағымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-дан астамға,1700-ден 1320-ға дейін төмендеді.
Бұған дейін бюджет қаражатын ескерткіш салуға көбірек жұмсайтын өңірлер анықталған еді.