Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда күріш қымбаттауы мүмкін бе – Бәсекелестікті қорғау агенттігі жауап берді

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі күріш көтерме сауда нарығына талдау жүргізді. Нәтижесінде негізгі өндірушілердің нарық жоғары шоғырланған Қызылорда облысында орналасқаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: milomarket.com

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, отандық өндірістің азаюы және импорт үлесінің жыл санап 4-тен 12%-ға дейін артқаны байқалады. Су тапшылығы мен шығынның өсуіне байланысты егістік алқаптары әдейі қысқартылып жатыр.

"Бұл ішкі баға өсімінің жоғары динамикасының негізгі себебі болды. Егер 2022 жылы күріш бағасының өсуі 36 пайызды құраса, 2023 жылы – 39 пайыз болды, бұл өткен жылы 3,4 пайызды құраған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу жалпы деңгейінен айтарлықтай асып түседі.", – делінген хабарламада.

Монополияға қарсы ден қою шаралары бір жылда баға өсу динамикасының төмендеуін қамтамасыз етті. Баға келісімі негізінде алты күріш өндіруші 68,7 миллион теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.



Дегенмен, өндіріс көлемінің төмендеуі мен күріш бағасы көтерілуінің түпкі себептері сақталып қалды. Олар: судың тапшылығы, ауыл шаруашылығы техникасының, тыңайтқыштар мен сырттан әкелінетін қаптамалардың қымбаттауы, субсидиялардың уақтылы берілмеуі.

"Осыған байланысты монополияға қарсы орган Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялар бөлу кезінде күрішті басым дақылдар тізіміне енгізу, оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз етуді жоспарлауды ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ күріш өндірушілердің жеңілдетілген несиелендіру үлесін ұлғайту, күрішті бөлшек сауда желілерімен тікелей сатып алуды қамтамасыз ету, тыңайтқыштар мен қаптама материалдарының отандық өндірісін дамыту жоспарын ұсынды", – делінген хабарламада.

Талқылау