Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда контрабандалық жолмен келетін қаруға қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды

Сенат депутаты Андрей Лукин заңсыз айналымда жүрген қару-жарақ контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершікті енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сенатордың мәліметінше, 2019-2021 жылдар аралығында елімізде 545 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 600 жағдайда атыс қаруы қолданылған, оның 88%-ы заңсыз айналымда болған. Ал қаруды сақтау және оны тіркеу шарттарын бұзғаны үшін 45 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Қазіргі кезде бос партонмен ататын арнайы имитациялық қарудан, газды-травматикалық, сигналдық және пневматикалық қару-жарақтан кәдімгідей жауынгерлік қару жасау фактілері күрт көбейіп кеткен. Соңғы үш жылдың ішінде ғана ондай 129 қару тәркіленді. Жауынгерлік қару жасайтын 15 жасырын цех анықталды", - деді Лукин сенаттың жалпы отырысында.

Сенатордың айтуынша, ондай іспен, көбінесе, қылмыстық топтар мен деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары айналысып жатады. Ал қайта құрастырылған қару-жарақтың көбеюі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.

Андрей Лукин атыс қаруының айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы тұру мақсатында травматикалық, пневматикалық, аңшылық қарулар мен олардың негізгі бөліктерін контрабандалық жолмен әкелгендерге, тегіс ұңғылы тіркелмеген қарудың заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.

“Сондай-ақ қару-жарақ сататын дүкендердің техникалық қауіпсіздігіне қатысты талаптарды күшейту керек. Себебі қаңтардың басындағы оқиғалар кезінде ондаған дүкен тоналды. Бүлікшілер мыңнан астам қару-жарақты ұрлап кетті. Заңсыз айналымда жүрген қару-жарақ та аз емес”, – деді сенатор. 

Талқылау