Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қауіпті медициналық қалдықтарды қала маңына тонналап төгіп жатыр: Депутаттар шағымданды

Депутат Меруерт Қазыбекова мәжілістің отырысында экология және денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс айтып, медициналық қалдықтарды утилизациялау мәселесіне қатысты кемшіліктерді алға тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Депутат қазіргі таңда медициналық қалдықтардың қаншалықты қауіпті екенін айтып, елімізде қалдықтарды утилизациялау мәселесі дұрыс жүргізілмей жатқанын жеткізді.

"Медициналық қалдықтар, қорғаныс киімдері, дәкелер, шприцтер өте қауіпті. Қазақстанда халықаралық талаптарға сай медициналық қалдықтарды утилизациялаудың өзіндік ережелері қарастырылған. Әлемдік практикада медициналық қалдықтарды өртеп жібереді. Қазақстанда да осы тәсіл қолданылуы керек. Алайда бізде медициналық қалдықтар қала сыртына төгіліп жатыр", - дейді Қазыбекова. 

Сонымен қатар, депутат қауіпті медициналық қалдықтар қала маңына, тұрғын үйлердегі қоқыс жәшіктеріне төгіліп жатқанын айтып, министрліктерді мәселені шешуге шақырды. 

"Мәселен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қарасты ауруханалардан шыққан медициналық қалдықтар тұрмыстық қалдық төгетін немесе, заңсыз қоқыс алаңдарына төгіліп жатыр. Бұл қазіргі таңда халықтың өміріне үлкен қауіп төндіріп отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде медициналық қауіпті қалдықтарды жедел жәрдем көлігімен апарып, тұрғын үйлердің жанындағы қоқысқа тастап жатқан видеолар кең тарады. Бұл Алматы, Қарағанды қалаларында орын алған. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласына жақын жерде медициналық қалдықтар, шприцтер, қан араласқан қалдықтардың 2-3 тоннасы төгілген", - дейді депутат. 

Талқылау