Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы БАҚ: Соңғы 30 жылда медиасала қалай өзгерді

Бүгінде БАҚ-тың арнайы билік жүйесінде орны болмағанымен, саяси аренада, қоғамда маңыздылығы басым. Тіпті БАҚ-ты төртінші билік, халық пен билік арасындағы алтын көпір, халық үні, мемлекет иммиджі сынды түрлі құзыры мен рөлі бар. Егемен ел болғалы 30 жылдан асты. Осы уақыт аралығында мемлекеттегі медиа сала қаншалықты дамыды? Қазіргі уақытта елде қанша БАҚ бар және қандай мүмкіндіктері бар?  Stan.kz ақпарат агенттігі шолу жасады. 

Тоқаев журналистерінің кәсіби мерекесін бекітуге тапсырма берді

Сонымен қатар, елімізде аталмыш медиалардың ТОП-10-ғы да тізімделіп тұрады. Соңғы мәліметтер бойынша бұл тізімге 6 телеарна кірген. 

Медиа саладағы мемлекеттік тілдің үлесі және өзгерістер

Соңғы жылдары ақпарат айдыны қанатын кеңге жая түсті. Тек ресми тіркелген медиалар ғана емес, халықтың, қоғамның мәселелерін жеткізуде әлеуметтік желілер де орасан күшке айналды. Бірақ БАҚ-тағы бір ерекшелік ана тілдің үлесінің артуына, деңгейінің көтерілуіне жетелеп келеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бұл өзгерісті растап та отыр. Медиафорумдардың бірінде тіпті қазақ тілді БАҚ-қа жарнама берушілер қатары да артып келе жатқанын айтқан. 

“Мемлекеттік тілдің БАҚ-тағы үлесі арта түсті. Мысалы, өткен жылы мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 83 пайызды құрады. Атап айтқанда, телеарналардағы қазақ тілінің үлесі 77 пайызға жетсе, баспа БАҚ-тағы - 85 пайыз, интернет-ресурстарда - 87 пайызға жетті”, - деген еді министр. 

Сондай-ақ, тағы бір айта кетер жайт, елдегі медиа саланың мемлекет меншігінен жекелікке өтуі. Бүгінде еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының 85 пайызы үкіметтік емес. Содан да болар еркін бәсеке медиа саланың мақсатын айшықтауына, мықты ақпарат құралына айналуына жол ашты. Әсіресе интернет агенттіктер дәстүрлі медианың үлкен бәскелесіне баланды. 

Бірақ газет-журналдар мен теле-радио туралап қалған жоқ. Министрлік тарапынан бұл бағытқа да қолдау көрсетіле бастады. Әсіресе биыл ақпанның 2-ші жұлдызын “Ұлттық басылым күні” деп белгілеу дәстүрлі медиаға серпін бере түсті. 

Қазақ тарихында ең алғашқы БАҚ құралы газет болғаны шындық. 1913 жылдың дәл сол 2 ақпанында ұлт зиялылары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топ “Қазақ” газетінің алғашқы санын жарыққа шығарып, отандық журналистиканың ізашарына айналды. Бұдан бөлек газет-журналдарға сұранысты арттыру үшін банктік қосымшалар арқылы тікелей жазылу тетігі енгізілді. 

Осылайша дәстүрлі БАҚ пен қазіргі интернет агенттіктері ақпарат ағынында ашық жұмыс үрдісін қалыптастырды. 

Қазақстанда қандай БАҚ түрлері бар

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, елде нақты тіркелген 5 189 БАҚ бар. Әрине мұның ішінде мерзімді басылым да, телеарналар мен радио, ақпарат агенттіктері және шетелдік ақпарат көздері толық қамтылған. Ал нақты тізбектер болсақ, онда 191 телеарна, 84 радио, 959 ақпарат агенттіктері мен желілік басылымдар, 279 шетелдік телеарналар және қалған 3676-сы мерзімді баспа басылымдары. Баспа басылымдарының өзін екіге бөліп жіктеуге болады. Яғни оның 2180-і газет болса, 1496-сы журналдар. 

Тілдік бөлініс бойынша да бұл ресми тіркелген БАҚ-тың тізімі жарияланған. Яғни елімізде қазақ тілді медианың саны - 693. Орыс тілінде тіркелген 853 БАҚ бар. Ал үш тілде немесе аралас тілдердегі медиа - 1512  екен. 

Бұдан бөлек еліміз көпұлтты мемлекет болған соң өзге этнос өкілдерінің де газет-журналдары, теле-радио хабарлары бар. Олардың саны - 11. Бұл бұқаралық ақпарат құралдары негізгі тілдерден (қазақ және орыс) басқа украин, поляк, неміс, корей, ұйғыр, түрік, дүнген және тағы басқа тілдерге аударылады. Сонымен қатар аталмыш этникалық БАҚ құралдары үкіметтен қаржылық қолдау алады. 

Қазақстандағы БАҚ-тың дамуы және жетістіктері

БАҚ - әлеуметтік институт. Ол заман талабына сай қоғам сұранысымен өзгеріп, салмағын арттырып келеді. Бүгінде елімізде медиа саланың дамуы жолында атқарылған іс аз емес. Бұл қатарда “масс медиаға байланысты заңдардың ретке келтірілуі, әр мекеме тынысын демде жеткізе алатын баспасөз қызметкерлерінің қалыптасуы, журналистика орталықтарының ашылуы, салалық тілшілікке мән берілуі, ақпараттық доктринаның қабылдануы, ғылыми еңбектердің жарық көруін айта аламыз. 

Одан бөлек халықаралық медиаиндустриямен байланыс орнату, цифрлық БАҚ-ты дамыту бағыттары да бар. 

Жекелей тоқталсақ: биыл елордада медиа мамандардың біліктілігін арттыруға негізделген MediaLab журналистика орталығы ашылды. Орталық БАҚ саласын ғылыми тұрғыда зерттеуді, журналистердің, әсіресе аймақтағы журналистердің біліктілігін арттыруды, салалық журналистиканы жетілдіруді, баспасөз хатшыларының кәсіби дағдыларын дамытуды көздейді. Сондай-ақ, бас қалада баспасөз хатшыларының біліктілігін жетілдіретін бірнеше күндік тренингтің өткізілуі. Шараға халықаралық сарапшылар мен мамандар шақырылды. 

Ал цифрлық медиаиндустрияда Meta, TikTok, Google, Mail.Ru Group, LinkedIn, Netflix компанияларымен келіссөз жүргізіліп, тығыз қарым-қатынас орнатылды. Келіссөздер нәтижесінде Мета компаниясының Instagram, Whatsapp, Facebook, Messenger-дің Қазақстан бойынша ресми өкілдері айқындалды. Сондай-ақ TikTok корпорациясының аймақтық офисі ашылды. Facebook пен TikTok-тің интерфейсін қазақшалау бойынша келісімдер жасалды. 

Соннымен қатар отандық БАҚ-тың талап-сұранысына сай мемлекеттік қызметшілердің журналистерге жауап беру мерзімі қысқарды. Бұрындары 7 күнді құрайтын мерзім 3-5 күнге өзгертілді. 

БАҚ саласындағы тағы бір айта кетер жетістік, ол - ақпараттық доктринаның бекітулі болды. Доктринаның мақсаты – ақпараттық кеңістікті қорғау және ақпаратқа қолжетімділікті арттыруды көздейді. Сонымен бірге азаматтық бірегейлікті нығайтуда, қазіргі заманғы үрдістер мен сын-қатерлерге жауап беретін ақпараттық саясатты жүзеге асыруда бұл құжаттың мәні мен маңызы зор. Құжат отандық ақпараттық өнімнің және жалпы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ақпараттық кеңістіктің негізгі бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз ету, халықаралық деңгейде сапалы ақпараттық қатысуды арттыру және саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге ықпал ету сынды бірнеше бағытты қамтиды. 

Бүгінде БАҚ саласынындағы тілшілер қауымының ісіне серпін беру үшін сан түрлі сыйлықтар да жетерлік. Бұл қатарда баспасөзге арналған “Үркер” және телевизия саласына байланысты “Тұмар” марапаттары бар. Әрі жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдары күніне орайластырып “ақпарат саласының үздігі” медалі беріледі. Одан бөлек әр ведомства тарапынан ұйымдастырылатын марапаттаулар да жетерлік. Ол қатарда Президент сыйлығынан бастап Парламент, Үкімет, Әкімдіктер мен министрлік қолдауларын айтуға болады. 

Жалпы елдегі бұқаралық ақпарат саласына байланысты жасалып жатқан өзгеріс те, іс те көп. Себебі медиасала тек қоғамның өзекті мәселесін көтеріп, биліктің назарын аударып қана қоймайды, БАҚ мемлекет иммджін де қалыптастыратын үлкен құрал.

Талқылау