Қазақстанда газдың әлеуметтік әділ құны белгіленеді
Газдың әлеуметтік әділ құны белгіленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетсек, бұған дейін президент тауарлық газдың энергия тиімділігін арттыру және ұтымды тұтыну үшін тиісті жоспар қабылдауды тапсырған болатын. Аталған міндетті іске асыру үшін: ірі коммерциялық кәсіпорындар үшін сараланған тариф енгізу; халық үшін көтерме бағалардың өңірлік айырмашылығын қысқарту және тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифтерді енгізу шаралары ұсынылады.
“Бұл өз кезегінде газды үнемді пайдалануға, ішкі тұтыну көлемінің тапшылығын азайтуға және газдың әлеуметтік әділ құнын белгілеуге ықпал етеді", – деді Қуантыров.
Бұнымен қоса министр "Тарифті инвестицияларға айырбастау" қағидатына сәйкес бойынша тарифтік саясатты реформалау аясында электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы желілердің тозуын төмендетуге көзделген жұмыс басталғанын айтты. Бұл апаттардың санын азайтуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.
"Ол үшін инженерлік 146 мыңнан астам шақырым желіге жөндеу жүргізу қажет. Бүгінгі таңда тарифтерді өзгерту және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту үшін құқықтық негіздер қалыптастырылды. Осыған байланысты салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен пысықталған, табиғи монополия субъектілері растайтын құжаттары бар өтінімдер ұсынылады деп күтілуде", – деді Әлібек Қуантыров.