Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанда ғана өзімізді үйдегідей сезіндік": Қазақстандық полицей қарлы боранда қалған шетелдіктерді үйіне паналатты

Бельгия мен Шотландиядан келген ерлі-зайыпты блогер-саяхатшылар Силке Муюс пен Киран Шонан Алматыдан Шымкентке бағыт алғанда қарлы боранға тап болып, жолда қалды. Жамбылдық полиция қызметкері Серік Есенғали ауа райының қолайсыздығынан жолда қалған туристерді өз үйінде қонақ қылып, көпшілікті тәнті етті. Қазақстанды шарлап жүргеніне 3 айдай уақыт болған шетелдіктер Stan.kz тілшісіне енді Батыс Қазақстанға бағыт алуды жоспарлап отырғанын айтты. 

Фото: Видеодан скрин

Серік Есенғали шетелдіктерді 22 қаңтар күні кездестірген. Ол қиын жағдайда қалған адамдарға көмектесіп, оларға қол ұшын созу әр полиция қызмкеткерінің міндеті деп санайды.

“Қызмет барысында ауа райы нашарлап, боран болуына байланысты Тараз-Шымкент бағытындағы жол жабылып қалды. Сағат 15:30 шамасында Алматыдан шығып, Шымкентке бағыт алған адамдар келді. Біз жолдың жабылып қалғанын айттық. Таразда ешқандай туыстары жоғын айтты. Сөйтіп оларды үйге қонаққа шақырдым. Қазақта “Құдайы қонақ” деген түсінік бар. Көлікті басқа да азаматтар бар екен. Сол кісілерді күтіп алдық. Меніңше, жолда, қиын жағдайда қалған адамдарға көмектесу – әр полиция қызметкерінің міндеті. Шетел азаматтарын қазақтың дастарханының кеңдігі таңғалдырды. Ең таңғалдырған дүние –  “Құдайы қонақ” деген түсініктің болуы. Яғни, әр адам “Құдайы қонақпын” деп кез келген үйге кіре алатынын білгенде таңданды”, – дейді Тараз қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция инспекторы Серік Есенғали.

 

Бұл ретте 33 жастағы Силке мен 31 жастағы Киран Қазақстанға жаңашылдық іздеп келгенін айтады. Ерлі-зайыпты туристер Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталғаннан бері Қазақстанды шарлап жүр.

“Қазақстанға жаңашылдық іздеп келдік. Оңтүстік-шығыс Азияны 3 жыл бойы үзбей араладық. Сөйтіп жаңа нәрсені көру керегін түсіндік. Бізге беймәлім, бұрын-соңды білмеген, естімеген елге барғымыз келді. Сол себепті Қазақстанды таңдадық. Қазақстанға Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қыркүйекте келгенбіз. 2 ай Қазақстанда болып, саяхаттадық. Қырғызстанды 2 ай араладық, 1 ай Өзбекстанда болып қайттық. Сөйтіп тағы бір айды осында өткізу үшін Қазақстанға қайтып келдік. Қазақстанда бәрі ұнайды: табиғаты, мәдениеті, салт-дәстүрі. Бірақ ерекше есте қалғаны – қазақтың қонақжайлығы. Бұған дейін қазақтай қонақжай елді көрмеппіз”, – дейді ерлі-зайыпты таңданысын жасыра алмай.

Шетелдіктер Алматыдан Шымкентке шығамыз деп, қарлы боранда жолда қалған сәтті есіне алды. 

“Біз Талғат пен Майк есімді достарымыздың отбасымен танысу үшін Алматыдан Шымкентке жолға шықтық. Таразға жеткенде ауа райы бұзылды. Қалың қар жауып, қатты жел соқты, көру мүмкіндігі нашарлады. Тараздан шығып кетеміз деп отырғанда бізге Шымкентке баратын жол жабылып қалғанын айтты. Сөйтіп тұрғанда Серік есімді полиция қызметкерін кездестірдік. Ол бізді өз үйіне қонаққа шақырды. Серіктің шаңырағында отырып мәдениет, тарих пен дін туралы әңгіме айтып, өз оқиғаларымызды бөлістік. Досымыз Талғат үй иесінің әңгімелерін бізге аударып беріп отырды. Өйткені Серіктің айтқан әңгімелері біз үшін қызық болды. Сол үшін Талғатқа көп рахмет. Біз қанша жерге барсақ та, қазақтың қонақжайлығына тең келер ештеңе жоқ. Қанша ел араласақ та, тек Қазақстанда өзімізді үйдегідей сезіндік”, – дейді ерлі-зайыпты туристер. 

Силке мен Киран визаның аяқталуына байланысты Қазақстанда 7 ақпанға дейін ғана бола алатынын айтты. Сондықтан ерлі-зайыпты сол уақытқа дейін Батыс Қазақстанды көріп үлгерсек дейді. Жалпы туристер Қазақстанға 3 ай уақытын арнаған. 

Ерлі-зайыпты әлемге саяхат жасау идеясы неден бастау алғанын баяндады. 

“Біз шың басында неке қию үшін Шотландияда 500 шақырым жол жүрдік. Сонда ақылға қонымсыз жоспарымызды іске асырамыз деп шештік. Жас жұбайлар болып 10 жылдық саяхатқа шығатын болдық. Бал айымыз Исландиядан басталды. Сөйтіп Испания, кейін Португалиямен жалғасты. Азияны көріп, зерттеу үшін Шри-Ланкаға ұшып бардық. Үндістан арқылы Непалға саяхаттап, содан кейін Таиландқа ұштық, кейін Лаос, Малайзия, Сингапур және Индонезия елдеріне бардық. Сонымен қатар бұған дейін Вьетнам мен Камбоджада болып қайттық. Біз Еуропаны көп зерттеген жоқпыз, бірақ алғашқы демалысымызды Хорватия мен Босниядан бастадық. Содан кейін Германияда, Нидерландта, Швейцарияда, Англияда, Ирландияда және Францияда уақыт өткіздік. Саяхаттап жүріп, арасында жұмыс істеп жүрдік.

Силке мен Киран ақпан айының басында жаңа эмоция мен қызық оқиғаларды бастан өткеру үшін Үндістанға бағыт алмақ. “Үндістанға ұшуды жоспарлап отырмыз. 7 ақпанда Үндістанда тек 144 жылда бір рет өтетін Маха Кумбха Мела деп аталатын ауқымды фестиваль өтеді. Алты апта бойы фестивальге 400 000 000-нан астам адам келеді және біз осындай атаулы оқиғаны көруге мүмкіндік алғанымызға өте қуаныштымыз”, – деп олар алдағы жоспары туралы айтты.

Тағдыр табыстырған ерлі-зайыптының саяхаттап жүріп бал айын өткізгеніне 3 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде 26 елді аралаған. 

@silkyrontheroad We never expected the Kazakh police to be like this 🥹💛 So grateful for this crazy adventure with @iCaravan.com @Talgat Ali ✨🙏🏼 #kazakhstan #snowstorm #taraz #fypkazakhstan #friendlypolice #shymkent #besthospitality #snowstorm2025 ♬ Obal oilar-ai - dudeontheguitar & jeltoksan. & Daiynball & Ruslan Tai

 

Талқылау