Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда пара беретіні туралы сөз қозғағандар жауапқа тартылмақ

Қазақстанда болашақта пара ұсынғандар жазаланады. Ұсынылған заң жобасы пара алуға келісу, пара сұрау немесе талап ету, сондай-ақ пара уәде ету немесе ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді қарастырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik

Мәжілісте "Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Ол ел заңнамасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар жаңашылдықтарды ұсынып отыр. Осылайша пара ұсынғаны үшін жауапкершілікті енгізу ұсынылып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, пара беру туралы уәде немесе ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу – заң жобасының негізгі бастамаларының бірі.

"Бұл мәселе 16 жылдан бері күн тәртібінде тұр. Уәде беруді, пара ұсынуды және бопсалауды қылмыстық құқықбұзушылық деп тану үшін заңнамалық шараларды қабылдау қажеттігі Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында көрсетілген. Уәде беруді қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі ұсынымдар экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сарапшыларының баяндамаларында қамтылған", – деді Ұлан Сарқұлов Мәжілістің жалпы отырысында.

Заң жобасы пара алуға келісу, пара сұрау немесе талап ету, сондай-ақ пара уәде ету немесе ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді қарастырады.

“Енді пара туралы кез келген сөздің қылмыстық салдары болады. Мен мұны қолдаймын, бірақ адамның жаңа қылмыстарға шын ниеті іс жүзінде қалай дәлелденетіні қызық. Өйткені сот-тергеу тәжірибесінде пара алумен байланысты істер дәлелденуі қиын қылмыстар болып саналады. Бұл азаматтарымыздың негізсіз жауапқа тартылуына әкеліп соқтырмай ма?” — деп сұрады депутат Николай Арсютин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов жедел-іздестіру қызметінің барлық нәтижесі заңға сай жүргізілетінін айтты.

"Жауапкершілікке тарта отырып, бұл ең алдымен профилактикалық әсер екенін бірден атап өткім келеді. Біз халықаралық тәжірибені қарадық, ондай фактілер бар. Ең бастысы, бұл алдын алу шаралары – бұл жерде прокуратура мен сот тарапынан қадағалау мәселелері де бар екенін атап өткен жөн. Яғни, мәселе профилактикалық сипатқа ие", — деп жауап берді Сарқұлов.

Талқылау