Қазақстанда екі-ақ ЖЭО мемлекет меншігіне қайтарылған
Фото: gov.kz
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов үкіметте өткен брифингте Риддердегі және Екібастұздағы жылу электр орталықтары мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, жеке меншіктегі басқа энергетикалық нысандарды қайтару жоспарланбаған.
"Бізде энергетика әртүрлі – жеке, квазимемлекеттік. Энергетикалық стансалардан активтерді қайтаруға қатысты айтсақ, Екібастұз жылу электр орталығы мен Риддер жылу электр орталығы мемлекетке қайтарылды. Олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлық энергетикалық нысанды мемлекет меншігіне қайтару жоспарда жоқ, өйткені бізде нарықтық экономика, нарықтық механизм", – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Ресей уәде еткен үш ЖЭО-ны Қазақстан өз күшімен салуға дайын екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, жобаларды іске асыру кезінде "Самұрық-Энерго" нарықтық тетіктерге жүгінеді, сондықтан бюджетке салмақ түспейді. Станциялар іске қосылғаннан кейін кәсіпорындар салынған инвестицияларды қайтарады.

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
