Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда айына 10 миллион теңгеден аса табыс табуға болатын салалар анықталды

Фото: Stan.kz

Қазақстанда айына 10 миллион теңгеден жоғары жалақы алатын қызметтер саны артып келеді. Мұны Ұлттық статистика бюросы мен Бірінші кредиттік бюро еңбекақы жөніндегі ауқымды зерттеу жүргізіп, анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Зерттеу түрлі салаларды қамтып, қай бағыттарда және қандай лауазымдарда ең жоғары табыс бар екенін көрсетеді.

Айта кетейік, аталған сандар нақты адамдардың емес, әр түрлі экономикалық секторлардағы лауазымдар тобы бойынша орташа мәндерді білдіреді. Дегенмен қағида бір. Егер орташа жалақы 10 миллион теңгеден асса, демек, осы санаттағы кемінде бір адам дәл осындай жалақы алады деген сөз.

Миллионерлер қайда жұмыс істейді?

Ең жоғары жалақыны қаржы секторында жұмыс істейтіндер алады. Мысалы, "қаржы қызметтері мен сақтандыру саласындағы қосалқы қызмет" санатында компанияның даму басқармасын басқаратын әйелдердің орташа жалақысы – 16,9 миллион теңге. Ер адамдардың осы деңгейдегі табысы айына шамамен 2,7 миллион теңге, жалпы орташа көрсеткіш – 6,3 миллион теңге.

Ал "сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандырудан бөлек қаржылық делдалдық" саласында да әйелдер көш бастап тұр. Бұл жерде басқарма төрайымдарының орташа жалақысы – 11 миллион теңге, ерлерде – 3,7 миллион теңге. Ал орташа көрсеткіш – 5,8 миллион теңге.

Бірақ сақтандыру және зейнетақы жүйесі саласында керісінше. Мұнда қаржы-экономикалық бөлімдерді басқаратын ерлердің орташа айлығы – 14,9 миллион теңге, ал әйелдерде – 2,9 миллион теңге. Ал жалпы орташа көрсеткіш – 8,9 миллион теңге.

Құрылыс саласында да қомақты қаражат айналып жатыр. "Мамандандырылған құрылыс жұмыстары" бағыты бойынша тау-кен инженерлері орта есеппен 12 миллион теңге алады.

Жобалау және зерттеу ұйымдарының директорларының айлықтары да жоғары. Ол шамамен 11,5 миллион теңге. Бұл лауазымдарда әйелдер кездеспеген, яғни құрылыс саласында әлі де ерлер басым.

Авиация саласы да артта емес

Әуе көлігі компанияларының бас директорлары айына орта есеппен 10,4 миллион теңге табады. Зерттеу деректері бойынша, бұл санаттағы барлық топ-менеджерлер ер адамдар.

Зерттеу қалай жүргізілді?

Зерттеу 2025 жылдың сәуір айында жүргізілген. Ол ірі және орта кәсіпорындарды, кейбір шағын компанияларды қамтыды. Ресми есептілігі бар ұйымдардың мәліметтері пайдаланылған. Тұрақсыз статистикасы бар шағын бизнес зерттеуге енбеген.

Сондықтан елде тағы да "жасырын миллионерлер" болуы әбден мүмкін. Олар жай ғана бұл есепке кірмей қалған.

Бұл нені білдіреді?

Зерттеу нәтижелері Қазақстандағы еңбек нарығының барған сайын сараланып келе жатқанын көрсетеді. Әйелдер, әсіресе қаржы секторында, басшылық деңгейінде өз позициясын айтарлықтай нығайтқан. Ал құрылыс пен көлік саласы әлі де ерлер үстемдік ететін бағыттар болып тұр. Бірақ дәл осы салаларда тұрақты жоғары табыс тіркеліп келеді. 

Жалпы алғанда, ресми еңбек кітапшасы бар қазақстандық миллионерлер аз емес. Тек олардың көбі сахнада емес, қаржы директорларының, топ-менеджерлер мен тәжірибелі инженерлердің кабинеттерінде жұмыс істейді.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 22 Қазан, 2025 17:56
Талқылау