Қазақстанда әйелдерге тегін жүктілікке қарсы контрацептивтер беріле бастады
Фото:depositphotos.com
Қазақстанда әйелдерге тегін жүктілікке қарсы құралдар таратыла бастады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкімет отырысынан кейін брифингте мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, елімізде жыл сайын 75 мың әйелге жасанды түсік жасалады. Осыған байланысты баланы өмірге жоспарлап әкелу әдістерін қолдана отырып, бұл көрсеткішті төмендету қажет.
"Әрбір аборт әйелдің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселемен Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп айналысып жатыр. Бұл тек сөз жүзінде қалмауы керек. Қазір емханаларда әлеуметтік осал топтар үшін контрацептивтермен қамтамасыз етуге қаражат бөлініп жатыр. Алайда бұл жеткіліксіз екенін түсінеміз, сондықтан жұмыс жалғасады", – деді министр.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық тәжірибені зерттеп, репродуктивті денсаулық саласына шетелдік сарапшыларды тартқан.
"Контрацептивтерді тегін беру – өркениетті елдердің барлығында бар тәжірибе. Біз де осы жолмен жүреміз", – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, әйелдерге арналған бұл препараттарды медициналық ұйымдар қаржыландырады, ал кейбір өңірлерде жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.
"Қазір біз әрбір әкімдікпен жеке жұмыс істеп жатырмыз. Тек емханалармен шектелмей, мүмкіндігінше жергілікті бюджеттен де қаржы бөлу арқылы осы көмекті қажет ететін әйелдерді барынша қамтуымыз қажет", – деп түйіндеді министр.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
