Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тағы бір бап бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылды

Мәжілісте заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы (бұдан әрі – заң жобасы) бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: gov.kz
Заң жобасының негізгі мақсаты – есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру.

Заң жобасы нашақорлық пен есірткі бизнесіне мемлекеттік және қоғамдық қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған.

“Синтетикалық есірткі аз уақытта әлемге кең тарап кетті. Қазақстан да бұл "жаңашылдықтан" қалыс қалған жоқ. Синтетикалық есірткі дәстүрлі есірткілер – кокаин, героинге қарағанда арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым, ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Синтетиканың барлық компоненті заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады”, – деп атап өтті комитет төрайымы Имашева.

Оның сөзінше, есірткі өндірушілер "синтетиканы" өнеркәсіптік ауқымда жасап жатыр. Оларға керек жабдықтар мен химикаттарды, прекурсорларды тасымалдауды пысықай диллерлер тұрақты схемаларға айналдырған. 

“Есірткі өндірісі күннен күнге көбейіп келеді. Егер 2019 жылы 3, 2020 жылы 8 заңсыз есірткі зертханасы табылып, жойылса, 2023 жылы 81 жасырын лаборатория жойылды. Жыл басталғалы 31 жасырын есірткі зертханасының жұмысына тоқтау салынды. 10 тоннадан астам прекурсор алынды. 1 тонна 967 гр (екі тоннаға жуық) есірткі, оның ішінде 457 келі синтетикалық есірткі тәркіленді”, – деп толықтырды ол. 

Қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленіп, прекурсорлардың заңсыз айналымына жауапкершілік қарастырылмаған болып шықты. Осы мақсатта Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылды.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне сәйкес күшті әсер ететін заттардың айналымындағы  жағдай да осындай болып тұр. "Трамадол", "тропикамид", "азоттың тотығы", "сомнол", "прегабалин" және тағы сол сияқты медицина препараттарын, әсіресе жасөспірімдер тым көп пайдаланып жатыр. Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады, салдарынан оларға медициналық емес сұраныс айтарлықтай өсті. Мысалы, тропикамид көз тамшыларын нашақорлар мұрынға тамызады немесе көктамырға жіберіп, галюциногендік әсер алады немесе синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді. Қазір осы дәрілік заттарды рецепсіз бергені және олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін тек әкімшілік жауаптылық қарастырылған. 
Бұл жәйт, осы препараттарды медициналық емес мақсатта сататын қаскөйлерге тосқауыл бола алмай тұр”, – деп түсіндірді Снежана Имашева.

Спикер 2022 жылы бүкіл елге танымал, фармацевтикалық білімі жоқ Король Трамадола (Н. Карпов) күшті әсер ететін заттардың ірі партиясымен бірнеше рет ұсталып, бірақ, оның дәріхана қызметіне лицензиясы болғандықтан, күшті әсер ететін медициналық препараттарды заңсыз таратқаны үшін әкімшілік айыппұл төлеп құтылып кеткенін тілге тиек етті.

“Сондықтан жобада аталған медициналық препараттар құрамы бар күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылады. Сонымен қатар прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымына да қылмыстық жаза қарастырылуы керек”, – деп атап өтті Имашева.

Қосымша баяндама оқыған заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Дмитрий Колода президенттің ұсынысын еске салды. 

“Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында есірткі заттарын өндіруді ең ауыр қылмысқа теңестіруді сұрады. Осыған байланысты депутаттар заңсыз есірткі өндіруді есірткі қылмысының қауіпті түрлеріне жатқызып, тіпті өмір бойы бас бостандығынан ауыруды ұсынды”, – деді Колода. 
Айта кетейік, белгісіз біреулер Швециядан Астанаға есірткі заттарын халықаралық пошта арқылы салып жіберген. Құқық қорғау қызметкерлері сәлемдемедегі тыйым салынған затты анықтады. 

Талқылау