Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы енді мемлекеттік деңгейде реттелмейді
Фото: Stan.kz
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны реттеуден бас тарту туралы шешім мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті өзгерістер кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі заңдарға енгізілді.
"Біз әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тікелей реттеуден бас тартып, атаулы әлеуметтік көмекке көшудеміз. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті және ең жоғарғы баға белгілеу тетігі алынып тасталып, оның орнына 15%-дық сауда үстемесіне бақылау күшейтіледі", – деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда пилоттық "Цифрлық азық-түлік ваучері" жобасы іске асырылып жатыр. Ол көмекті алушыларға әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу бағасымен, яғни сауда үстемесінсіз алуға мүмкіндік береді. Бұл көмек тетігінің нысаналы әрі әділ бөлінуін қамтамасыз етеді.
"Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары ерекше бақылауда. Әрбір іс-шара жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр, барлық міндет белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалады", – деді министр.
Арзандаған өнім жоқ: Қазақстанда соңғы жылда азық-түлік бағасы қаншалықты өскені белгілі болды
Қазақстанда ет тапшылығы болуы мүмкін бе – Сауда министрі жауап берді
Еске салайық, бұған дейін үкімет әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында пилоттық жобаны іске қосады. Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында 5 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмек алушыға азық-түлік ваучерлері беріледі. Ваучерлер әлеуметтік маңызы бар тауарларды үстемесіз сатып алуға мүмкіндік береді, ал бағаны бақылау мен талдау модулі енгізілмек. Жоба парламентте мақұлданып, қоғамдық талқылаудан өтті.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
