Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 14 наурыздан бүкілхалықтық Наурызнама онкүндігі басталады

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда 14–23 наурыз аралығында жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі өтеді.  Аталған формат қысқа уақыт ішінде Наурыз мейрамын атап өтудің маңызды бөлігіне айналды. Ол тарихи дәстүрлерді, мәдени бастамалар мен қоғамдық жобаларды біріктіріп, тұрғындармен қарым-қатынастың заманауи форматын қамтиды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Наурызды тойлаудың жаңа форматы 2024 жылы президент Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Жалпы бұл формат Наурызды бір күндік мереке ретінде ғана емес, ерекше кезең ретінде қарастырады. Бұл уақытта адамдар кездесіп, игі істер жасап, қоғамдағы бірлікті нығайтады.

Биыл ел бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Наурызнама онкүндігінің әр күні қоғамның негізгі құндылықтарын бейнелейтін жеке тақырыпқа арналады.

Бағдарламада республикалық мәдени ұйымдардың іс-шаралары ерекше орын алады. Онкүндік барысында муұражайлар, театрлар, концерттік ұйымдар мен мәдени орталықтарда көрмелер, концерттер, фестивальдер, театрландырылған қойылымдар, қайырымдылық акциялары, мәдени-танымдық кездесулер және ұлттық дәстүрлерге, отбасы құндылықтарына, ұлттық киімге, өнер мен спортқа арналған тақырыптық жобалар өтеді. Бағдарлама дәстүрлі форматтармен қатар, халықтың бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған заманауи интерактивті шешімдерді де қамтиды.

Мерекелік шараларға ел өңірлері де белсенді қатысады. Облыс орталықтары мен қалаларда концерттер, фестивальдер, театрландырылған қойылымдар, көрмелер, жәрмеңкелер, отбасылық және жастарға арналған акциялар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, сондай-ақ экологиялық бастамалар ұйымдастырылады.

Атап айтқанда, Астанада жасанды интеллект қолданылатын ұлттық ойындар фестивалі “Tartys Fest”, Алматыда “Әз-Наурыз – Алматы төрінде” концерті мен AI-фотозоналар және иммерсивті LED-туннелі бар "Nauryz Vibes" фестивалі өтеді. 

Шымкентте республикалық "Жарапазан Fest" фестивалі мен "Робо-шаңырақ" отбасылық байқауы ұйымдастырылады. 

Ақтөбе облысында "Dastur-fest" фестивалі және "Ұлттық киім – ұлт айнасы" мәдени бағдарламасы өтсе, Маңғыстау облысында цифрлық көрме, робототехника және интерактивті технологиялар элементтері бар мерекелік іс-шаралар жоспарланған.

Бүгінде Наурызнама жай ғана мерекелік күнтізбе емес, ел бірлігін нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді насихаттауға және халықтың бай тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған ауқымды жалпыұлттық мәдени бастама. Көпғасырлық салт-дәстүрлер мен заманауи форматтардың үйлесуі арқылы Наурыз мерекесі жаңару, өзара құрмет және ортақ ілгерілеудің символы ретінде орнығып жатыр. 

STAN.KZ
Жұма, 13 Наурыз, 2026 17:11