Қазақстанда 106 тауар түрін Ресейге сатуға тыйым салынды: Министрлік түсіндірді
Сауда және интеграция министрлігі санкцияға байланысты Ресейге 106 тауар түрін сатуға тыйым салынғаны туралы БАҚ-та тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Министрлік мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынастарын реттеу Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелеріне сай жүргізіледі. Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Ресей Федерациясына қандай да бір тауарды сатуға ешқандай тыйым салынған жоқ. Бұл ретте экспорттық бақылауға жататын "екі мақсатты" деп аталатын тауарлардың саудасы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтеміз. ҚР заңнамасына сәйкес, мұндай тауарларға қатысты экспортқа, импортқа және транзитке тиісті лицензия алу қажет", – делінген сауда және интеграция министрлігінің хабарламада.
19 қазанда бірқатар басылымдар сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевқа сілтеме жасап, Қазақстан санкцияларға байланысты Ресейге тауардың 106 түрін экспорттауды толығымен шектегенін хабарлаған болатын. Ондай тауарларға дрондар, оларға арналған қосалқы бөлшектер, электроника мен чиптерді қамтитын әскери тауарлар жататыны көрсетілген.
"Парламент сенаты отырысында вице-министр Қайрат Төребаев журналистердің сауалына берген жауабында айтқан 106 тауар түрі қос мақсаттағы тауарлар тізіміне енгізілген. 20 жылдан астам уақыт бойы экспорттық бақылау халықаралық режимдерге сәйкес жүзеге асырылып келеді", – делінген хабарламада.