Қазақстанда 10 моноқаланы дамытуға екі триллион теңгеге жуық ақша жұмсалады
2027 жылға дейін Қазақстанда он моноқаланы дамытуға 1,7 трлн теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметінің қаулысымен Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді. 10 моноқаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша нақты мақсаттар белгіленген.
Жоспар аясында 608 тармақтан тұратын іс-шараларды іске асыру көзделген. Жаңатас қаласында республикалық және жергілікті бюджет, сондай-ақ басқа да көздер есебінен 75 іс-шараны іске асыруға үш млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған.
“Қаратауда шамамен 50 млрд теңге – бюджеттен тыс ақша. Арқалық қаласында Маятас кластерінің кен орындарына геологиялық зерттеу жүргізілгеннен кейін тау-кен байыту комбинатын салу жоспарланып отыр. Құны 315 млрд теңге болатын жоба 1,2 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді”, – деп мәлімдеді Үкімет.
Балқаш қаласында кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемінің индексі 8,5%-ға, өңдеуші өнеркәсібінің үлесі 90%-дан кем емес өсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция 57 млрд теңге болады деп күтілуде.