Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық балалар 1 маусымнан бастап тегін үйірмелерге қатыса алады: Жоба қалай жұмыс істейді?

Фото: Freepik.com

Елімізде 1 маусымнан бастап балаларға арналған спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бастама Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.

Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.

Жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу жағдайларына жол бермейді.

Платформаны әзірлеу барысында әр өңірдің ерекшелігі мен шығармашылық, спорттық және білім беру қызметтерініндегі айырмашылықтар ескерілетін болады. Бірыңғай ваучердің екі түрі қарастырылған:

  • Нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді;
  • Әмбебап ваучер – баланың ата-анасы eGov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алады
“Мұндай ваучер бойынша кезек баланың жасы мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне сәйкес қалыптасады және бұл ресурстарды әділетті бөлуге мүмкіндік береді. Жаңа ережелерге сәйкес, үйірмелер мен секцияларда балалардың сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін қауіпсіз инфрақұрылым, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталуы, бекітілген білім беру бағдарламалары мен білікті мамандар болуы қажет. Бюджеттік қаражат тек мақсатына сай пайдаланылуға тиіс. Қатысушылардың келуі күнделікті цифрлық форматта тіркеледі. Ал бірыңғай платформа қаражаттың жұмсалуын ашық көрсетуді, процестерді автоматтандыруды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық схемаларын азайтуды қамтамасыз етеді”, – делінген хабарламада.

Жобаны келесі мемлекеттік органдар бірлесіп жүзеге асырады:

  1. Мәдениет және ақпарат министрлігі – шығармашылық бағыт бойынша;
  2. Туризм және спорт министрлігі – спорттық секцияларды үйлестіру;
  3. Оқу-ағарту министрлігі – қосымша білім беру бойынша;
  4. Цифрлық даму министрлігі – техникалық сүйемелдеу және цифрлық инфрақұрылымды жүзеге асырады.

 

Қазақстандық ата-аналар екпе алмаған бүлдіршіндерді балабақша қабылдамай жатқанын айтып шағымданды


Алматыда ата-аналар "Даму Бала" бойынша қызмет көрсетушілерді қайта таңдай алады


Мемлекеттік органдар бюджеттік қаражатты мақсатты және тиімді пайдаланудың тетіктерін енгізу бойынша жүйелі саясатты жалғастырып жатыр. Пилоттық жоба тек балалар мүддесін, олардың қауіпсіздігін және көрсетілетін қызметтердің сапалы түрде қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Айым Болатқызы
Жұма, 30 Мамыр, 2025 10:15
Талқылау