Қазақстан үкіметі конструктор-автокөліктерді заңдастыруға рұқсат берді
Қазақстан үкіметі конструктор-автокөліктерді заңдастыруға рұқсат берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде премьер-министрдің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Жыл басынан бері мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қазақстандықтарға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға мүмкіндік берілді. Ал, бұған дейін елге қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген көлік иелері ресми тіркеу құжаттарының жоқтығынан қиындықтарға тап болды. Үкімет бұл мәселені шешу үшін азаматтарға конструктор-автокөліктерді заңдастыруға және бастапқы тіркеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті ережелерге өзгерістер енгізді”, –делінген жұмада тараған ақпаратта.
Мұндай көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесі 200 мың теңгені құрайды.
- Утильдік алым мөлшерінің 50 пайызға қысқаруы: Қазақстанда осы өзгерістен кейін көлік нарығы түзелді ме?
- Қазақстанда 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін кірген шетелдік көліктерді заңдастыру ұсынылды
- Қазақстанда көліктерді жалған техникалық тексерістен өткізгендерге жаза қатаңдайды
Тіркелу үшін:
1) өтініш;
2) ішкі істер органдарының уәкілетті қызметкері берген көлік құралын тексеріп-қарау актісі;
3) техникалық тексеріп-қараудың диагностикалық картасы болуы қажет.
“Автокөліктерді заңдастыру үшін өтінімдерді Egov қызметтері және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Айта кету керек, ҚР-ға қосалқы бөлшектер түрімен әкелінген және кедендік тазартудан өтпеген автокөлікті тіркеу куәлігінде меншік құқығын өзгертуге тыйым салу және тек ҚР аумағында пайдалануға рұқсат беру туралы жазба көрсетіледі. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, акция басталғалы республика бойынша 107 мыңнан астам көлік заңдастырылған. Сонымен қатар 14 мыңға жуық конструктор-автокөлік анықталған”, – деп қосты үкімет үйінде.