Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр

Қазақстанның су қоры 102,3 текше шақырымды құрайды. Оның 54%-ы ел аумағында қалыптасады, ал қалған 46%-ы көршілес елдерден келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі үкіметтің таратқан ақпаратына сүйеніп хабарлайды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атап өткендей, экономиканың қажеттіліктері үшін жылдық су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Оның 65%-ы ауыл шаруашылығына, 25%-ы өнеркәсіп қажеттіліктеріне жұмсалады.

Жалпы, түгендеу нәтижелері бойынша елімізде 17 736 өзен және уақытша су ағындары,4 024 көл, 4 540 жерасты су кен орындары, 13 175 су шаруашылығы құрылымдары бар.

Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәселесін шешу үшін Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. 2024-2026 жылдары 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. 

“Бұл суармалы жер көлемін 250 мың гектарға ұлғайтуға, 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға және Қазақстанның көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділігін орта есеппен 25%-ға төмендетуге ықпал етеді”, – делінген ақпаратта.



Сонымен қатар 9 облыста көлемі 1,9 км3 қолданыстағы 15 су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бұл қосымша 74 мың гектар суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етіп, 70 мың тұрғыны бар 64 елді мекенді су басу қаупін азайтады.

Премьер-министр жоспарланған іс-шараларды іске асыруға отандық компанияларды, оның ішінде құрылыс материалдарын өндірушілерді белсенді тарту, ал тұтынылатын су көлемін анықтау үшін ғарыштық мониторинг технологияларын дамытуды жалғастыру қажет екенін атап өткен.

“Біз жыл сайын 150 мың гектар суармалы алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізуге тиіспіз. Қазір жылына 40-50 мың гектар ғана қамтылуда. Бұл ретте, су тапшылығынан ең көп зардап шегіп отырған оңтүстік өңірлерде үнемдеу технологияларын енгізу көлемі жеткіліксіз. Жыл соңына дейін су үнемдеу технологияларын қолдануды ынталандырудың нақты тетіктерін әзірлеу қажет", — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар үкімет басшысы көптеген мәселенің шешімін таппай отырғанын атап өтті. Олардың қатарында Ұлттық гидрогеологиялық қызметті құру, "Қазсушар" РМК-ны реформалау, Каспий теңізінің проблемалары бойынша институт құру, сондай-ақ суаруға арналған тарифтерді бекіту бойынша, жерді гидромелиорациялау және жерасты суларының мониторингі бойынша функцияларды беру, жалпы су саласын цифрландыру мәселелері шешілмеген. Осыған байланысты Үкімет басшысы аталған бағыттардағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Талқылау