Қазақстан семсерлесу тарихында алғаш рет әлем чемпионатында командалық қола медаль жеңіп алды
Фото: ДРС
Грузияда өткен әлем чемпионатында Қазақстанның шпажистер құрамасы командалық сайыста тұңғыш рет қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үшінші орын үшін болған кездесуде қазақстандық спортшылар Франция құрамасымен кездесіп, 45:31 есебімен айқын жеңіске жетті. Бұл нәтиже — Қазақстан тарихындағы осындай деңгейдегі командалық жарыстарда алынған алғашқы жүлде.
Жартылай финалға дейін Қазақстан құрамасы Ресей, Қытай және Италия командаларынан басым түсіп, сенсациялық нәтижеге қол жеткізді.
Алайда финалға жолдама беретін кездесуде отандастарымыз алты укол айырмасымен алда тұрғанымен, тартысты бәсекеде Жапонияға есе жіберді. Айта кетейік, маусым айында да Қазақстан осы қарсыласқа Азия чемпионатының финалында жол берген болатын.
2025 жылғы әлем біріншілігінде Қазақстанға тарихи жүлде сыйлаған құрама сапында Кирилл Проходов, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов және Эльмир Әлімжанов өнер көрсетті.