Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық: Астанада екі елдің іскерлік кеңесінің 16-отырысы өтті
20 мамырда Астанада Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің 16-отырысы өтті. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланған шараға премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс, сондай-ақ "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басшылығы, салалық министрліктер мен кәсіпкерлер қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр іскерлік кеңес екі ел арасындағы өзара әркеттестіктің жаңа бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретінін айта келе, Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық перспективаларына тоқталып өтті.
"Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі көп жылдан бері сұранысқа ие әрі қос тарапқа да пайдалы алаң болып отыр. Мұндай шаралар екі тарапқа да өзара "сағатын сәйкестендіріп" қана қоймай, екіжақты әркеттестіктің жаңа бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Жиынға қатысушылар шеңбері тұрақты түрде кеңейіп, күн тәртібінің практикалық сипатқа ие болып келе жатқаны қуантады. Біз екіжақты іскерлік байланыстардың қарқынды дамуын құптаймыз әрі одан әрі нығайту үшін барлық жағдайды жасаймыз", - деп мәлімдеді Қазақстан тарапынан Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің тең төрағасы Роман Скляр.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Германия арасындағы сауда көлемі 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда, 8,4%-ға өсіп, 9,5 млрд еуроға жеткен. Қазіргі уақытта Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1100-ге жуық жұмыс істеп тұрған кәсіпорын тіркелген.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары өз сөзінде Қазақстан үкіметі инвестициялық және бизнес-климатты үздіксіз жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын, елімізде ірі инвесторлардың қатысуымен стартегиялық жобаларға арналған "жасыл дәліз" жүйесі құрылғанын, экономиканың көптеген саласы қарқынды дамып жатқанына назар аударып, Германия тарапын көлік, ауылшаруашылығы, цифрландыру, қазба байлықтарды игеру салаларында серіктестік құруға шақырды.
Германия әлемнің жетекші экономикаларының бірі ретінде Еуропалық Одақ елдері арасында Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып саналады. Бұған қоса Қазақстан Германияның 50 негізгі сыртқы сауда серіктестерінің қатарына еніп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, 43-орынды иеленген.
"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Қазақстан мен Германияның өзара қарым-қатынасы Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық және саяси өзара іс-қимылды кеңейтуде ерекше орын алатынын атап өтті.
"Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық берік инвестициялық негізде дамуын жалғастырып келеді. Екіжақты жобалар портфелінде құны 54,4 миллиард доллардан асатын 63 бастама бар. Оның ішінде жалпы құны 1,1 млрд доллар болатын 32 жоба іске асырылды. Ал 12 жоба белсенді іске асыру сатысында.
"Бәйтерек" холдингі де екіжақты ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысып келеді. Өткен жылы Холдинг Германияның CLAAS және Horsch компанияларымен жалпы сомасы шамамен 3 млрд АҚШ доллары болатын келісімдерге, сондай-ақ тұрақты даму бойынша бірлескен жобаларды қаржыландыру бағдарламалары аясында KfW даму банкімен 500 миллион АҚШ долларына келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта тараптар жасалған келісімдерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, бұл алдағы серіктестіктің бағыттарын кеңейтуде берік негіз болмақ", - деді Қазақстан тарапынан Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі тең төрағасының орынбасары Қарағойшин.
Оның сөзінше, Қазақстанға құйылған неміс инвестицияларының 90%-дан астамы шикізаттық емес салаларға, атап айтқанда өңдеу өнеркәсібіне, химияға, құрылыс материалдарын өндіруге, көлікке және агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған.
"Германиямен ынтымақтастық энергетикалық секторды жаңғыртуға, цифрлық трансформацияға және өнеркәсіптік өндіріске инновацияларды енгізуге бағытталған жоғары технологиялық және тұрақты шешімдерді әзірлеу контекстінде ерекше өзекті болып саналады. "Бәйтерек" холдингі институционалдық көпір ретінде осындай жобаларды іске асыру үшін бірлескен қаржыландыру құралдарын, соның ішінде бірге инвестиция салу мен кепілдік механизмдерге дейін ұсынуға дайын. Қазақстанның экономикалық мүдделері мен стратегиялық мақсаттарының тоғысатын тұстарында Германиямен ұзақмерзімді әрі ауқымды серіктестікке нақты мүмкіндіктер ашылып отыр", - деп атап өтті Қарағойшин.
Бұл ретте Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс неміс компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастықтан зор әлеует көретінін айтты.
"Қазақстандағы іскерлік ахуалдың тұрақтылығы мен болжамдылығы, сондай-ақ құрылымдық реформалар мен технологиялық әріптестікке дайындығы елді Германияның Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің біріне айналдырып отыр. Неміс компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастықтан зор әлеует көреді және өз қатысуын шикізатты өңдеуден бастап жоғары технологиялы машина жасауға дейінгі экономиканың басым салаларында кеңейтуге дайын", – деді Германия тарапынан Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің тең төрағасы Хармс.
Іскерлік кеңес аясында Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдету жолдары мен бірлескен жобаларды қаржыландыру тетіктері талқыланған панельдік сессиялар өтті. Германия тарапынан Герман аграрлық альянсының бас директоры Пер Бродерсен мен KfW Banken Group, KfW IPEX-Bank GmbH, ODDO BHF SE, AKA Bank және басқа да қаржы институттарының өкілдері Қазақстан тарапынан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, "Қазақстан машина жасаушылар одағы" Басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев, Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.
"Бүгін Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі аясында Германияның бизнес өкілдерімен кездесу өткіздік. Дәстүрлі шара қос елдің бизнесін біріктіреді. Қазақстан Германия үшін Орта Азиядағы 80 пайыздан астам тауар айналымы саналады. Сондықтан "Бәйтерек" холдингі Қазақстандағы неміс бизнесін қолдау үшін барлық құралын қуана ұсынады", - деп атап өтті "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерсайын Хамитов.
Іскерлік жиын барысында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, технологиялық әріптестік құруға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ пен KfW Development Bank, және "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc." ЖШС мен IMI zimmermann & jansen technologies gmbh компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар, "Жезқазғанредмет" РМК мен Германияның DAR Metall AG компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ мен KFW Development Bank арасындағы қаржыландырудың негізгі шарттары.

"Жалаң қылышпен танктерге қарсы соғысқан": Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кеткен 106-шы атты әскери дивизия туралы не білеміз
