Қазақстан "алтын виза" енгізеді
Фото: Сыртқы істер министрлігі
Қазақстанда инвесторлық виза алу тәртібінің жаңа ережелері бекітілді. Ол елімізде 10 жылға дейін тұруға рұқсат алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның инвесторлық виза енгізетінін сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
“Қазақстан халықаралық бизнеске жақындай түсу жолында тағы бір маңызды қадам жасады. Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді”, – делінген хабарламада.
Жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны ресімдеу үшін электронды өтініш бере алады. Бұл "алтын виза" Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алу мүмкіндік береді.
Мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кеңінен қолданылып, капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың нәтижелі құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан осы тәжірибеге қосылып, инвестициялық резиденттіктің өзіндік моделін ұсынады.
"Алтын визалар" шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалына сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді”, – дейді министрліктегілер.
Құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң өз күшіне енеді.
Бұған дейін жүздеген бай қазақстандықтың Ұлыбританияның "алтын визасынан" айырылуы мүмкін екенін жазған едік.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
