Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазақ жұрты асыға күткен жекпе-жектің шартына қол қойдық” — Жәнібек Әлімханұлының менеджері

Жәнібек Әлімханұлы

Қазақстандық орта салмақтағы чемпион Жәнібек Әлімханұлы WBA белбеуінің иегері Эрисланди Ларамен жекпе-жек өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл бәсеке WBO, IBF және WBA чемпиондық титулдарын біріктіруге бағытталған. Қазіргі таңда 42 жастағы кубалық Лараның соңғы жауабын күтуде. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі sportilinet.kz cайтына сілтеме жасап хабарлайды.

“Ассаламауғалейкүм, ардақты Qazaq style-дың жанкүйерлері. Тарихи жекпе-жек, орта салмақтың додасын қайнататын жекпе-жек, күллі қазақ жұрты асыға күткен жекпе-жектің шартына қол қойдық. Құдай қаласа, жақында ресми промоутерлік компаниялар өздері жариялайтын болады. Бұйырса, үлкен шоу күтіп тұр алдымызда.

Біздің 4 титулды жинаймыз деген мақсатымыздың бел ортасынан асамыз. Нәсіп болса, тарих жасаймыз. Осы жолда келе жатырмыз, еңбек етіп жатырмыз. Еңбектің жемісін көретін уақыт алыс емес. Құдай қаласа, күтіңіздер”, – деді Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан.

 

BoxingScene порталының хабарлауынша, орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен кубалық Эрисланди Лара арасындағы айқас 6 желтоқсанда Сан-Антонио (Техас штаты) қаласында өтеді деп жоспарлануда.

Бұл бокс кешінің басты жекпе-жегі бірінші жартылай орта салмақта Ламонт Роуч пен Исаак "Питбуль" Круз арасында өтпек. Шараны Premier Boxing Champions (PBC) промоутерлік ұйымы ұйымдастырады – бұл Лараның командасы. Ал Жәнібек үшін бұл жаңа деңгейдегі тәжірибе болмақ, өйткені ол алғаш рет Top Rank промоушенінен тыс, басқа ұйымның шоуына қатысады. Айта кетейік, оның Top Rank-пен келісімі шілде айында аяқталған, ал компания әзірге ESPN телеарнасымен жаңа келісімге келе қойған жоқ.

Егер келіссөздер сәтті аяқталса, бұл жекпе-жек Жәнібек Әлімханұлының мансабындағы ең маңызды айқастардың біріне айналады. Себебі жеңіске жеткен жағдайда ол абсолютті әлем чемпионы атануға тағы бір қадам жақындай түспек.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 23:10
Талқылау