Қазақ тіліндегі баламасы бар, бірақ орысша қолданылатын 10 сөз
Қазақ тілінде сөйлеушілердің басым көпшілігі тілдің заңдылығын бұзып сөйлейді. Оның бірден бір себебі - кейбір сөздердің қазақша аудармасы бола тұра, сол сөздің орысша нұсқасын айту әдетке айналуы. Бүгінгі материалымызда қазақша баламасы бола тұра, орыс тілінде қолданылатын сөздердің тізімін жасап көрдік.
Свежий. Бұл сөздің бірнеше аудармасы бар, тек контекстке қарай ажырата білсеңіз болғаны. Сөздікте «свежий – балғын, жаңа әзірленген» деген сияқты аудармалары бар. Мысалы, «свежий ет» деудің орнына «жаңа сойылған малдың еті», «свежий нан» деудің орнына «жаңа піскен нан», «свежий шөп» дегенше «балғын шөп» деп қолдануға болады.
Уже. Бұл сөз өте жиі қолданылатын сөздердің бірі десек қателеспейміз. Бұл сөздің қазақ тіліндегі жақын баламасы - әлдеқашан.
Немесе: «Сен уже келдің бе?» деп сұрағанша, «Сен келіп қойдың ба?» деп сұрағанымыз дұрыс.
Фонтан. Бұл сөздің аудармасы – субұрқақ. Бұл сөзді де өзінің қазақша баламасымен қолданғанымыз жөн.
Бухгалтер. Бұл сөздің аудармасы – есепші. Бірақ көбі «бухгалтер» сөзін қолданады. Бұған дейін білмесеңіз, енді қазақша аудармасын қолдануға кеңес береміз.
Вообще. Бұл сөзді де контекстке қаарй әртүрлі қолдануға болады. Мысалы, кей жерде «жалпы алғанда», кей жерде «мүлдем», кей жерде «тіпті» деген мағыналарды береді. мысал келтіріп көрейік:
Мен вообще бармаймын – мен мүлдем бармаймын. Вообще мазамды алдың ғой – тіпті мазамды алдың ғой! Вообще то сенікі дұрыс – Жалпы алғанда, сенікі дұрыс.
Тоже. Бұл – «да, де» деген шылаудың мәнін білдіреді.
Мысалы, Маған тоже ұнайды – маған да ұнайды. Ол тоже келеді – ол да келеді.
Короче. Бұл сөздің аудармасы – «қысқасы» деген қыстырма сөз. Мысалы, Короче сен барасың ба? – Қысқасы, сен барасың ба?
Короче мен былай дедім – Қысқасы, мен былай дедім.
Клавиатура. Бұл сөздің аудармасы – пернетақта. Өз аудармасымен қолданғаныңыз нұр үстіне нұр болар еді.
Официант. Бұл сөздің қазақша аудармасы «даяшы» деген сөз. Кейде осыны біле тұра орысша нұсқасын қолданғанымыз, өзімізге сын.
Еще. Бұл сөз де сіздің сөздік қорыңызда болуы мүмкін. Оны қазақшаға «әлі, тағы» деп аударғаныңыз жөн.
Дайындаған: Аққибат АҚЖІГІТОВА